Алматылық мұғалім бастауыш сыныпқа арналған оқу бағдарламасын әзірледі
Бала оқыту, саналы ұрпақ өсіру – өмірлік ісі. Алматы облысы, Алмалыбақ ауылындағы мектепте ұлағатты ұстаз Раушан Сәріпова – Қазақстанның құрметті ұстаздарының бірі.
33 жылдан бері шәкірттерге білім беріп қана қоймай, өзі де үнемі ізденіс үстінде. Бастауыш сыныпқа арналған оқыту бағдарламасын әзірлеген.
Раушан Құмашқызы 1990 жылы Өскемен қаласындағы педагогикалық оқу орнын тәмамдаған соң бала оқыту ісіне кіріседі. Содан 33 жыл бойы қажырлы еңбек етіп, оқушы бойына білім нәрін сеуіп келеді.
Раушан Сәріпова, Алмалыбақ мектеп-гимназиясының мұғалімі:
- Оқушы өзін күнделікті өмірге дайындайды. Және де мұнда балалар бірін-бірі бағалайды. Бірін-бірі бағалау мақсатында баланың дұрыс бұрысын ажырата алады.
Ұстаз бастауыш сыныптарға арналған «Көп оқу – тілді жетілдіру кепілі» атты оқу сауаттылығын арттыруға арналған авторлық бағдарламасын құрастырды. Сабағында адамдар арасындағы қарым-қатынас түрлерін айтады. Қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді мысал ретінде келтіріп, дұрыс әрекет жасаудың маңыздылығын үйретеді.
Раушан Сәріпова, Алмалыбақ мектеп-гимназиясының мұғалімі:
- Барлық бала бірінші партаға отыру мүмкін емес. Сондықтан бізде күнде партадан партаға балалар ауысып отырады. Оның бойына, жас ерекшелігіне қарамаймыз. Себебі өмірде әр балаға үнемі ақ жолақ болмайды ғой. Сондықтан ол осы өмірге дайындалуы үшін қара жолақ болсын, ақ жолақ болсын өзін ұстай білу керек.
Мұғалім мамандығын жоғары дәрежеде меңгерген, тынымсыз еңбегімен әріптестеріне, жастарға үлгі бола білді.
Жанна Әлпенова, мектеп директорының орынбасары:
- Өзінің ұстаздық мамандығын өте жақсы көретін ұстаздарымыздың бірі. Бетке ұстар ұстаздың бірі Раушан Құмашқызы әрбір сабағына дайындалған кезде үлкен дайындықпен келеді. Әрбір оқушыға білім беретін кезде ол оқушының жан дүниесіні кіріп, ол оқушының бойындағы жақсы қасиеттерін танып, оның шығармашылығын дамыту үшін көп еңбектенеді.
Раушан Сәріпова білім саласына қосқан еңбегі үшін «Білім өркениеті» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының I дәрежелі дипломымен, Қазақстанның құрметті ұстазы төсбелгісімен марапатталған.
Алмас Садуақас, Аманжол Жөнкешов