Отандастар ғарышты зерттеуде
Ғарышты зерттеу бойынша халықаралық бағдарламаларға отандастарымыз да атсалысуда. Мәселен қазақ физиктері Марсты зерттеп жүрген Кьюросити аппаратындағы құрылғының бірін жасауға қатысқан. Қазақстан ғарыш саласындағы тәжірибесін Орталық Азиядағы елдермен де бөлісіп жүр. Әріптестерім әлемнің үздік оқу орындарында оқып жүрген әрі болашағын ғарышты игерумен байланыстырған жас ғалымдарымызбен тілдескен еді.
Әлішер Батталов Инженерия Жоғарғы мектебіне түсу үшін арнайы дайындық курстан өткен. Оқудағы жетістіктері үшін Франция үкіметі оған грант бөлді. Сырттан көп ұсыныс түссе де, Әлішер алғашқы тағылымдамасына Қазақстан ғарыш сапары мен Эйрбастың бірлескен жобасын таңдады.
Әлішер Батталов, Инженерия жоғары мектебінің студенті:
- Менің бір мақсатым - Қазақстанның ғарыш саласына өз үлесімді қосып, елімнің дамуына көмектесу үшін мол тәжірибе жинақтау.
Ал Дубнадағы Біріккен ядролық зерттеулер институтында 16 елдің ғалымдары халықаралық зерттеулер өткізеді. Олардың ішінде 90 қазақстандық ғалым бар. Отандастарымыз Марстағы миссияға да өз үлесін қосты.
Қуаныш Назаров, нейтрондық зертхананың ғылыми қызметкері:
- Міне қазірге дейін, 2012-жылы ұшырылса, 12 жыл бойы Марстың бетінен осы біздің лабораторияда жасалған генератор-детектордың арқасында, былайша айтқанда ақпарат жиналып жатыр.
Қазақстандық ғалымдардың қатысуымен тағы да бір үлкен жоба жүзеге асты. Бұл – Байкал көлінің түбінде орнатылған нейтрондық телескоп. Бүкіл әлемде мұндай тек үш құрал бар.
Қазақстан Орталық Азиядағы 5 елмен бірігіп, аспан әлемінде жеке жерсеріктер шоғырын қалыптастыру бастамасын да көтерді. Біздің ел көршілерге оны құрастырып, ұшыратын инфрақұрылым ұсынуға дайын. Айталық Өзбекстан біздің тәжірибе негізінде маман даярлап спутниктік мониторингті меңгерген. Орталық Азияда жерсерікті алғаш болып Қазақстан иемденген.
Авторлар: Әлия Сыздықова, Дана Нұржан, Рауан Мыңбаев.