Аграрлық салада маман тапшы
Ғылымға көңіл бөлсеңіз. Көктемгі су тасқыны кезінде сан соғып қалғанымыз ғылымның кенжелеп қалғанының кесірі болса керек.
Ақмола облысында Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы президиумының алғашқы көшпелі отырысында болашақта есе кеткен тұстарды түгендеп, олқылықтың орнын толтыру жолдары талқыланды.
Аграрлық салада маман тапшы. Биылғы су тасқыны кезінде оған көзіміз жетті. Бір қызығы, білім гранттарының 59%-і ғана игерілген. Ал республика бойынша тек 101 адам су шаруашылығы мамандығын таңдаған. Ал алдағы 5 жылда су саласын мамандармен толық қамту үшін жыл сайын 800 кадр оқытып шығару керек.
Елімізде Ташкенттің механизация және модернизация филиалын ашқанымен, онда білім алуға, ғалым болуға құмар жастар жоқтың қасы. Аграрлық салада мамандармен қатар, ғалымдар да аз.
Мәселен, биыл ғылыми қызметкерлердің жалпы саны 24 мыңға жуықтаса, жартысынан көбі – әкімшілік басқару қызметкерлері.
Бауыржан Қасенов, ҚР АШМ «Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы:
- Біздің салада 8 мыңнан аса мамандар жұмыс істейді. Оның ішінде нағыз ғалымдар 200-300-дей. Докторлары бар, магистрлері бар. Өте аз. Өткен жылда 6 рет реформа берді. Алты реформаның ішінде 3-4 есе жағдайымыз нашарлап қалды. Мәселен, селекционер семеноводтың орташа жасы – қазір 61 жас. Жастар өте аз, олар керек.
Біз жылда табиғи апаттардың жағымсыз салдарымен күресіп, келтірілген залалды қайта түзету үшін миллиардтаған қаржы жұмсаймыз. Ал ауыл шаруашылығы саласында табысқа жету үшін ғылымға қаржылық қолдау мен түбегейлі өзгерістер қажет.
Мамандардың айтуынша, ең алдымен салада дұрыс жүйе жоқ. Қаржыландыруға зәру. Мәселен, биыл ғылымға бөлінген қаржы жалпы ішкі өнімнің 0,13%-іне тең. 2027 жылға дейін 1%-ке жеткізу көзделіп отыр. Ал дамушы немесе дамыған елдерде 4-5%-ке дейін жетеді. Одан қала берді, біздің осы саладағы ғалымдарымыз шамасы келетін салаларды ғана зерттеп үйренген. Енді олар елге пайдалы, мемлекетке қажетті жобалармен айналысуы тиіс.
Ақылбек Күрішбаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті:
- Сын-қатерге қарсы глобалдық, жаһандық мәселелерді шешу үшін бізде Қазақстанда үлкен пәнаралық мини-гранттарды жүргізуіміз керек. Үлкен жобалар. Бізде ондай жобалар жоқтың қасында. Біздегі жобалардың бәрі ұсақ. Мысалы, аграрлық ғылымда 139 ұсақ, бір-бірімен байланыспаған зерттеулер бар. Әрине, олар өндіріске сұранысы жоқ. Былайша қарапайым тілмен айтқанда, сөрелерда қалып қояды. Бізге үлкен мини-гранттар керек.
Елде зерттеу институттары Ауыл шаруашылығы министрлігіне қараса, зерттеу жұмыстарын Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландырады. Ал ғалымдар тиесілі қаржыны алу үшін жобаларды дәлелдеймін деп жүргенде, жарты жыл уақыт кететін көрінеді. «Сондықтан істі 6 айға ысырып қойып, соңынан сапалы дүниені талап ету орынсыз», - дейді мамандар.
Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Екінші үлкен мәселе – аграрлық ғылымды басқарудағы кемшіліктер. Аграрлық ғылымды басқару қазір Ұлттық өндірістік орталыққа жүктелген. Өкінішке қарай Ғылыми зерттеу орталығының жұмысының өзі, былайша айтқан кезде жарым-жартылай деп айтуға болады. Оның өзін қаржыландыру ақшаны ала алмай жатқан Ғылыми зерттеу институтынан ұйымдастырылады. Сол НАНОЦ-тың өзін керек болса, мемлекеттен тікелей қаржыландыру керек.
Жиналғандар аграрлық ғылымға керек дүниелерді қайта қарап, үлкен зерттеудің нәтижесін Үкіметке жолдамақ.
Диана Қадыр, Таир Мерекенов