Елімізде алғаш рет өнеркәсіптік IT халықаралық форумы өтті
Адамның қатысуынсыз өндіріс мүмкін бе? Әртүрлі сала өкілдері осы сауалға жауап іздеп, өнеркәсіптік IT халықаралық форумында бас қосты. Бұл іс-шара елімізде алғаш рет өткізіліп отыр. Онда жоғары оқу орындарының студентетрі кәсіпорындарды цифрландырудың тиімді шешімдерін ұсынды. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін олар өнеркәсіп орындарына барып, өндірістің әлсіз тұстарын өз көздерімен көрген. Осылайша 400-ге жуық жас, саланы түбегейлі өзгертуге жол беретін стартап жобаларын таныстырды. Қазылар алқасы қатарында АҚШ-тың тау-кен металлургия кешеніне стартаперлер іздестірумен айналысатын сарапшы Эмили Кинг та болды. Егер жоба нәтижелері көңілден шықса, жастар өндіріс орындарымен келісімшарттарға қол жеткізеді.
Арман Жалғасбаев, қатысушы:
-Ақтөбедегі зауытқа барып, оның қалай жұмыс істейтінін бәрін зерттеп келдік. Сол зауыттағы пеш бойынша әртүрлі датчиктерден ақпарат алып, солар бойынша болашақта болатын қысымның тез жоғарылап кететін жағдайларын анықтайтын жүйе жасадық.