Хабар телеарнасы

Қазақстандық студенттер WorldSkills халықаралық чемпионатында жүлделі болды

WorldSkills халықаралық чемпионатында ұлттық құрамадан 32 студент бақ сынады. Қазақстаннан 30 халықаралық сарапшы ұсынылды. Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, жалпы есеп бойынша Қазақстан 69 елдің ішінде 29-шы орында. Жеңімпаздарды әуежайдан туыстары, достары және  Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдері қарсы алды. Кімдерге қандай жүлде бұйырды? Жұмысшы мамандығында кім мықты?

Диана Қадыр, тілші:

- Тарихта тұңғыш рет ұлттық құрама Француз қаласы Лионда өткен 47-ші WorldSkills халықаралық чемпионатында 7 медальон жеңіп отыр. Білім үздіктерін жанкүйерлер құттықтап жатыр. Қатысушылардың айтуынша, биыл дода тартысты болған. Себебі чемпионатқа 69 елден үзік 1500-ге жуық студент қатысқан.

Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған студенттердің арасында Әйгерім Досова үздіктер қатарында. Ол Шымкент қаласындағы жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің студенті. Мамандығы – киім дизайны. Қарсыластарын былай басып оздым дейді: 

Әйгерім Досова, жүлдегер:

- Чемпионат 4 күн бойы, 4 моделден тұрды. Үздік Қытай, Сингапур, Япония мемлекеттері. Әрине, Қытай мемлекеті бірінші орында алды. Бір мақтана алатыным, Сингапур мен Жапонияны озып шықтым. Өте жақсы сезімдемін. Себебі 10 жылдықтың ішінде бұл компетенция бойынша ең алғашқы медаль.

Бұған дейін еліміздің барлық өңірінен 25 жасқа дейінгі 32 студент іріктелген. Францияда оның 7-еуі үздік деп танылып отыр. Олар Руслан Юсупов, Данияр Әбікенов, Михаил Попов, Тимур Бабенко, Жанель Сағындық, Әйгерім Досова және Артур Лейман.

Ақзира Қасымова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің басшысының орынбасары:

- Біздің балаларымыз веб-технология бойынша технология моды, желілік және жүйелілік администратор, отель ресепшионист, сонымен қатар ресторанный сервис бойынша, мобильная робототехника бойынша біздің балаларымыз медальон алып келе жатыр. Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, WorldSkills стандарттарын енгізуге, еліміздің экономикасына жақсы мамандар даярлауға WorldSkills қозғалысының үлесі үлкен.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Ал WorldSkills International – сол мамандардың кәсіби дағдылары мен заманауи техникалық білім беру сапасын арттыруға арналған ең ірі халықаралық байқау.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, сәуір, мамыр айларында өңірлерде WorldSkills-қа қатысуға іріктеу тағы басталады. Оған әр студент қатысып, бағын сынап көре алады.

Диана Қадыр, Айбек Ақшолақов