Кеңес Одағының батыры, академик, жазушы, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің туғанына биыл 110 жыл. Осыған орай туған жері Ақмола облысында көптеген мәдени және әдеби іс-шара ұйымдастыру жоспарланған.
Бұл Зеренді ауданына қарасты Қойсалған ауылы. Дәл осы Желтау тауының бөктерінде даңқты батырдың балалық шағы өткен. Мәлік Ғабудуллиннің жерлестері мен жақын туыстары оның бала күнінен алғыр, құралайды көзге атқан мерген болғанын айтады.
Амантай Бекенов, М. Ғабдуллиннің немере інісі:
- Ғабдолла атамызбен біздің Бекен атамыз туған ағалы-інілі еді. Бекен атамыз саят құрып, құс атып, аң атып, қорап-қорап қояндарды ағайын-туғандарын аш қылмай бөліп береді екен. Қасында Мәлік ағамыз қалмай, бірге жүріп мергендікке үйренген.
Қазір елімізде Мәлік Ғабдуллин атындағы 9 мектеп бар. Соның екеуі Ақмола облысында орналасқан. Көкшетаудағы мына білім ошағында 1929-1931 жылдар аралығында батырдың өзі білім алыпты. Бұдан бөлек, 2021 жылы еліміздегі құтқарушыларды дайындайтын жалғыз жоғарғы оқу орнына да Ғабдуллин есімі берілді. Бірер жыл бұрын акамедия оқытушылары жазушының 100 нақыл сөзі жинақталған қойын кітапша шығартқан.
Сандуғаш Қасымова, филология ғылымдарының кандидаты:
- Неге қойын кітапшасы? Себебі мына курсанттардың өздерімен бірге алып жүруге ыңғайлы болу мақсатында және оның ішінде тек қана батыр бабамыздың нақыл сөздері ғана емес, сонымен қатар оның өмірі, батыр бабамыз туралы жазылған шығармалар мен мақалалар жиынтығының бәрі сол қойын кітапшаға енгізілген.
Ғабдуллин мұрасын жаңғырту ісінде батыр есімімен аталатын музей ұжымының да еңбегі мол. Биыл бұл мұражайдың ашылғанына тура 30 жыл. Қазір мұнда 7 мыңнан астам құнды жәдігер сақталған. Соның жартысына жуығы батырдың өзінің тұтынған заттары.
Кенжебай Мұқышев, М. Ғабдуллин музейінің директоры:
- Қай жерде қандай жәдігерлері бар, қандай жерде қалған тарихи деректері бар соны жинаудамыз біз. Мәлік Ғабдуллин батырымыздың жалпы жәдігерлерін насихаттау барысы, музейге келіп жатқан халықтың саны жылдан жылға көбейіп келеді.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Панфиловшылар дивизиясында ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының батыры атанған Мәлік Ғабдуллин қазақ әдебиетіне үлкен олжа салды. Қобыланды батыр мұрасын жан-жақты зерттеп, болашақ ұрпақ үшін сүбелі дүниелер қалдырды. Қазір қаламгердің жалғыз тұяғы Майдан Мәлікқызы Алматыда тұрады.
Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко