Ғылымды дамытудың басым бағыттары айқындалды
Еліміздің ғылыми және технологиялық дамуының басым бағыттары айқындалды. Атап айтқанда, ғарыштық технологиялар, денсаулық, агроөнеркәсіп, су ресурстарын пайдалану, геология мен энергетика саласы бойынша күрделі зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жөнінде Алматыда өткен халықаралық ғылыми форумда айтылды.
Биыл Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы 30-дан астам форсайт-сессиялар, ғалымдармен, бизнес және мемлекеттік органдар өкілдерімен сұхбаттар өткізді. Нәтижесінде 200-ден астам перспективалы ғылыми міндеттер анықталды. Форсайт Үкіметке, компанияларға және ғылыми ұйымдарға дәйекті шешім қабылдап, ғылымға инвестиция тартуға көмектеседі, - дейді мамандар. Форум аясында Оңтүстік Кореяның Ғылыми-техникалық ақпарат институтымен ынтымақтастық жөнінде келісім жасалды.
Ақылбек Күрішбаев, ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА президенті:
- Яғни әлемдегі жаңалықты сол институт арқылы біз біліп отыратын боламыз. Бізде сол «КС» сияқты ақпараттық жүйе болады. Сол жүйеміз интеграция болып, Корея жүйесіне кіреді. Сөйтіп біздің ғалымдар, өндіріс, министрлік пен Үкімет әлемде қандай жаңалық болып жатыр, қандай әлемдік трендтер бар ғылымда, қандай жаңа ғылымның бағыттары бар соның бәрін осы жүйе арқылы білетін боламыз.