Қазақстанда медициналық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. Соңғы 7 жылда Қазақстанда 1 259 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Оның 800-ден астамы соңғы үш жылда ашылған. Олардың қатарында 32 аурухана, 19 емхана, 1 196 дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункт, 3 ұлттық ғылыми медициналық орталық және қан орталықтары мен оңалту орталықтарын қоса алғанда, өзге де 9 ұйым бар.
Негізгі басымдық ауылдық денсаулық сақтауды дамытуға берілген. Елді мекендерде алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 655 нысан салынды. 200-ден астам ауыл алғаш рет өз медициналық мекемесіне ие болды. Ал шамамен 1 миллион ауыл тұрғыны үйінің маңында медициналық көмек алу мүмкіндігіне қол жеткізді.
Еліміз бойынша тегін дәрі-дәрмекке бөлінетін қаржы 3,3 есе өскен. Соңғы 7 жылда осы мақсатқа 1,3 трлн теңге бағытталыпты.