Хабар телеарнасы

Ұлытау облысында оңалту орталығы ашылды

Ұлытау облысында ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған алғашқы оңалту орталығы ашылды. Жылына 600 баланы қамтитын мекеме Жезқазғандағы соматикалық шипажай жанында орналасқан. Ол үшін ескі ғимарат толық қайта жаңғыртылып, соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылды. Әлеуметтік жоба облыс әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қорының әріптестігі аясында жүзеге асты. 

Тірек-қимыл аппараты мен жүйке жүйесі бұзылған балалар енді өзге өңірлерге сабылмайтын болды. Заманауи талапқа сай келетін оңалту орталығында айына шамамен 50 бала тегін ем қабылдайды.

Дастан Рыспеков, Ұлытау облысының әкімі:

- «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп жұмыс істеуді жалғастырамыз. Бұған дейін қор құны 360 миллион теңгеден асатын өңірдегі 4 әлеуметтік жобаға қолдау көрсеткен. Біздің ендігі міндет осы әлеуметтік нысандардың ел игілігіне сапалы қызмет көрсетуін ұйымдастыру және қадағалау.

Жаңа орталық  50 орынға шақталған.  Жыл сайын 600 баланы қабылдай алады. Мұнда сумен емдеудің бірнеше түрі бар. Иммунитеті төмен балалар үшін тұзды шахта мен шунгит бөлмесі жасақталған. Қажетті медициналық құралдар мен өзге де жабдықтар «Қазақстан халқына» қоры есебінен сатып алынды.

Еркебұлан Бейсембаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Заманауи техникамен «Қазақстан халқына» қоры қамтамасыз етіп, «Қамқорлық» қоры мамандармен қамтып отыр. Тағы да болашақта Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында ашамыз ба деген жоспарымыз бар. Қазір ол жоспар қолға алынуда.

Өңірде ерекше күтімге зәру мың жарымға жуық бала бар. Тегін қызмет көрсететін орталық олардың жылдам сауығып кетуіне сеп болады, - дейді мамандар.

Айта кету керек, мұндай орталық осыған дейін мүгедектігі бар ересек адамдар үшін де ашылған болатын.

Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов