Қарағанды облысында жас мамандарға қолдау көрсетілді
Денсаулық сақтау саласындағы өткір мәселенің бірі - дәрігер тапшылығы. Оны шешу үшін Қарағанды облысында бірқатар шара қолға алынған. Мысты шаһардың 80 мың тұрғыны мен маңайдағы елді мекенге қызмет көрсететін ауданаралық көпсалалы медициналық мекемеге өткен жылы 30 жас маман қабылданды. Оларға жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетілді.
Әбибулла Шәкенбай 2024 жылы Тараздан келген. Жас маман Балқаш қаласы ауруханасына травматолог-дәрігер болып жұмысқа орналасқан. Тоғыз жолдың торабында орналасқан қалалық ауруханада мол тәжірибе жинақтауға болады. Қазір біртіндеп күрделі операцияларды да жасап жүр.
Әбибулла Шәкенбай, травматолог-дәрігер:
-Қазіргі уақытта осы больницаның деңгейінде жасалынатын барлық ота түрлеріне мүмкіншілік беріліп жатыр жасауға. Және де қандай да бір құжат жұмыстары болса , түсіндіру жағынан әкімшілік тарапынан көмек көрсететін болса, соның барлығын көмектесіп жатыр.
Мына ескі ғимарат 30 жылдан бері қаңырап бос тұрған еді. Өткен жылы күрделі жөндеу жүргізілді. Мұндағы пәтерлер еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден келген медицина мамандарына берілді. Қазір 30 жас маман тұрып жатыр.
Дәрігерлер үйінен Абибулланың отбасы да пәтер алды. Жұбайы Ләззат аурухананада акушер-гинеколог болып жұмыс істейді. Ерлі-зайыпты жас мамандарға мемлекет тарапынан 5 миллион теңгеден көтерме ақы да беріліпті.
Ләззат Садықова, акушер-гинеколог:
-Бізге келгелі жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр. Бізге 3 бөлмелі пәтер берілді. Ішінде керекті жабдықтар орнатылған. Жиһаз, техника жанында.
Тұрғындарға дер кезінде медициналық көмек көрсету үшін биыл ауданаралық ауруханаға 30 жас маман жұмысқа қабылданды. Олар еліміздің өзге өңірлерінен және Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей мемлекеттерінен келген. Резидентурада оқып жүрген 12 дәрігер осында келуі тиіс. «Бұл маман тапшылығын жойып, медициналық қызмет сапасын жақсартуға негіз болады»,– дейді аурухана директоры Серікбол Түсіпбеков.
Серікбол Түсіпбеков, Балқаш қаласы ауданаралық көпсалалы ауруханасының директоры:
-Тапшылық деңгейі азайды. Бір кездері неонатолог, реаниматолог мамандар тапшы еді, биыл ондайға тапшылық жоқ. Біз ол мамандарды толығымен жаптық деп айтуға болады. Қазіргі уақытта енді бізге отбасылық дәрігер, жалпы тәжірибе дәрігері, инфекционист 2 дәрігер керек, сәулелі диагностика дәрігері керек. Сонымен қатар терапевтер керек.
Ауруханада Балқаш қаласының 80 мың тұрғынына және маңайдағы Приозерск қаласы мен Ақтоғай ауданына қарасты ауыл халқына қызмет көрсетіледі. Жаңадан келген жас мамандар Израиль, Канада сынды медицинасы дамыған елдерде біліктілігін арттырып, тәжірибесін шыңдай алады.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Сайлау Игіліков