12 тамыз – Халықаралық Каспий күні

  • 5
  • 12.08.2026, 19:30

Бұл осыдан 20 жыл бұрын қабылданған Тегеран конвенциясының жемісі. Содан бері теңіз жағалауында орналасқан мемлекеттер су айдынын қорғаудың амал-әрекетін бірге қарастырады. Себебі Каспий жылдан жылға тартылып барады. Ал оның соңы экологиялық апатқа әкелуі мүмкін. 

371 мың шаршы шақырым аумақты алып жатқан Каспий теңізінің игілігін Қазақстан, Түрікменстан, Иран, Әзербайжан мен Ресей көріп отыр. Айдын ортақ болған соң оның проблемалары да ортақ.

Ғалымдардың сөзінше, соңғы 10 жылда теңіз суы 3-4 шақырымға, кей жағалауларда тіпті 10 шақырымға дейін шегініп кеткен. Каспийге құятын өзендердің де жағдайы мәз емес.

Мәнсия Есенаманова, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры:

- Солтүстік Каспийді ерекше атауға болады. Себебі бұл жер өте таяз, су көлемі өте аз болып келеді. Судың көлемі негізінен бізге Волга өзенінен келеді деп айтылғанымен, бірақ қазіргі уақытта оның азайғаны байқалып жатыр. Ал Жайық өзенінен келетін судың көлемі ондай көп мөлшерде емес

Атырауда атаулы датаға орай ғылыми форум өтті. Оған еліміздің биолог ғалымдары, қоғамдық ұйым жетекшілері мен салалық басқарма басшылары және Ресей, Қалмақ мемлекетінің өкілдері қатысты. Мақсат біреу – Каспийді сақтап қалу. Көрші елдің ғалымдары, экологияның әсерін әлден-ақ көріп жатқандарын айтады.

Людмила Сангаджиева, Қалмақ мемлекеттік университетінің  профессоры (Ресей):

- Біздің мемлекеттің шамамен 45 шақырымдай аумағын Каспий теңізі шайып жатыр. Соңғы жылдары теңіз тартылып барады. Салдарынан балық шаруашылығы зардап шегуде. Ылғалдың аздығынан жағалаулардағы жайылым, шабындықтар қурап, құм басу қаупі төнуде.  

Экологтар: «Теңіз суының ластану деңгейі де шекті мөлшерден жоғары», - деп отыр. Себебі су айдынын жағалай орналасқан елдердің ішінде Ираннан басқасының барлығы мұнай өндіреді. 

Арман Өтепов, эколог:

- Жыл сайын теңізге 120 мыңнан астам тонна мұнай өнімі тасталады. Тек Қазақстан секторында 2005-2012 жылдар аралығында спутниктік мониторинг арқылы 330-дан астам мұнай төгілу фактісі тіркелген болатын. Сонымен қатар теңіз деңгейінің өзгеруіне байланысты су астында қалу қаупі бар 1000-ға жуық ескі мұнай ұңғымасы, яғни скважина бар дейді. Бұл бізде нағыз «экологиялық бомба» болып отыр.

Жағалаудың көп бөлігі біздің елге тиесілі болған соң түрлі бастамалардың да ұйытқысы – Қазақстан. Атап айтсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қазір Каспийдің табиғи байлығын сақтау жөніндегі күш-жігерді біріктіруге бағытталған мемлекетаралық бағдарлама жұмыс істеп жатыр. Соның нәтижесінде былтыр күзде Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты ашылды. 

Дәулет Есмағамбетов, ҚР ЭТРМ департамент директоры:

- Ағымдағы жылы институт жағалау аймағында ғылыми зерттеулер мен бақылаулар жүргізумен қатар теңіз акваториясында тікелей кешенді мониторинг жүргізуде. Теңіздегі 21 стансаны қамти отырып, 2 теңіз экспедициясын өткізу және Түрікменстаннан Ресейге дейінгі жағалау сызығының бүкіл ұзындығы бойынша жағалауда 22 нүктеде тұрақты жерүсті мониторингін жүргізу жоспарлануда. 

Ал осы теңіз мониторингін жүргізуге, сондай-ақ гидробиологиялық және гидрохимиялық зертханаларды жарақтандыруға Қазақстан Үкіметі резервінен 1,1 млрд теңге бөлінді. Каспийді сақтау жұмыстары жалпы бірнеше бағытты қамтиды. Олар: Каспий маңы елдерінің өзара іс-қимылы, жүйелі ғылыми зерттеулер жүргізу және материалдық-техникалық базаны нығайту. «Мұндай кешенді жұмыс Каспий маңы елдерінің әлеуетін біріктіріп, сол арқылы су айдынының экожүйесін келер ұрпақ үшін аман сақтап қалуға мүмкіндік береді», - дейді жауаптылар.

Аймақтағы тілшілердің көмегімен Дамир Берікұлы