«Таза Қазақстан» акциясына 3,8 миллионға жуық адам қатысты
«Таза Қазақстан» идеясы ұлттық идеологиямыздың аса маңызды бөлігіне айналуға тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында айтты. Былтыр бұл акцияға 3,8 миллионға жуық адам қатысты. 1,5 миллион тоннадан астам қоқыс жиналып, 3,2 миллионнан астам көшет егілді.
Адам – табиғаттың төл перзенті. Көктем келісімен күллі қазақ «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауласын тазалап, ағаш егіп, арық-атыздарды аршыған. Аталған жоба жаз бен күз, қыста да жалғасын тапты. Жалпы қоғам, әсіресе жастар жағы белсенді үн қосып келеді. Қазір барлық мектептер мен оқу орындарында экология бағытында тренингтер, пікірсайыстар өткізіліп жатыр.
Бауыржан Сәлімжанов, ұйымдастырушы:
- Қазақстан Республикасының әр азаматы, әр тұрғыны тазалықты өзінен бастаса. Қоршаған ортасы, өзінің үйі, маңайы болсын, барлығын өзінен бастаса. Үйіміздің маңайы, қарапайым көшенің тазалығын сақтау осы акцияға қосқан үлесіміз деп білемін.
«Таза Қазақстан» уақытша науқан емес, тазалық жұртымыздың қанына, жанына сіңген қасиет болуы керек. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиі айтып жүр. Экологиялық акцияның дұрыс жүзеге асуына қоғамдық бірлестіктер ғана емес, аймақ әкімдері де белсенді атсалысуы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Себебі шынын айтқанда, кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет.
Диана Қадыр, тілші:
- Республика бойынша «Таза Қазақстан» жобасында 6 миллион 200 мыңнан астам адам белсенділік танытты. 1 миллион 100 мың тоннадан астам қоқыс шығарылып, шамамен 1 миллион 600 мың жасыл желек отырғызылыпты. Одан бөлек ғарыштық мониторинг арқылы рұқсат етілмеген 4 мың 900-ға жуық қоқыс үйінділері анықталып, оның 86 пайызы жойылды.
Айнаш Қойшыбаева, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми өкілі:
- Бағдарламалар қабылданған. Біз 5 жылдың ішінде елді мекендерде 15 миллион ағаш ортырғызуымыз керек. Ал орман алқабында 2 млрд ағаш отырғызуымыз керек. Сол бойынша жұмыстар қарқынды түрде белгіленген талаптар бойынша жүргізілуде.
Үкімет қаулысымен былтыр қазан айында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бойынша 2024–29 жылдарға арналған тұжырымдама бекітілген. Бұл – экологиялық белсенді азаматтар, оқушылар мен студенттер, бизнес, мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдарды біріктіріп, экологиялық белсенділікті насихаттайтын бірегей жоба ретінде қалыптасып келеді.
Диана Қадыр, Қайрат Ақтөреев