Аяз тағы үш күн сақталады
Қарағанды облысында жаппай көлік апаты болды. 19 көлік соқтығысыпты. Ал еліміз бойынша аяз әлі басылмайды. Сондықтан Қазақстандық құтқарушылар күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуін жалғастырып жатыр. Олардың күшімен өткен тәулікте қар құрсауынан 400-ден астам адам құтқарылып, қауіпсіз жерге орналастырылды.
Республикалық маңызы бар автожолдардың 38 учаскесінде және облыстық маңызы бар 31 учаскеде қозғалысқа шектеу енгізілген еді. Бүгін соның кейбірінде, мәселен Қарағанды - Балхаш бағытында қозғалыс ашылды. Алайда артынша ірі жол көлік апаты болды. 19 техника соқтығысқан. Болжам бойынша жүргізушілер жылдамдықты асырып, өзара қашықтықты сақтамаған. Оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметі мен жедел жәрдем барып азаматтарға көмектесті. Ал Ақтөбе облысында 82 шетелдік азамат эвакуацияланды. Олар мінген автобус Ресейге бара жатқанда бұзылып қалған. Содан жүргізуші құтқарушылардың көмегіне жүгініпті. Барлық жолаушы жақын маңдағы жылыту пунктіне жеткізілген.
Сәкен Ділдахмет, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ресми өкілі:
- Республикалық жолдарда қазір 900 арнайы техника мен 2 мыңнан астам адам жұмыс істеп жатыр. Аяз бен боранға байланысты жолдар жиі жабылады. Қай бағыттағы қозғалыстың ашықтығын «ҚазАвтоЖол» сайтынан білуге болады. Не болмаса 1403 номеріне хабарласып ақпарат алыңыздар. Сондай-ақ телеграм каналда әр сағат сайын мәліметтер жаңартылып тұрады.
Жетісу, Жамбыл, Абай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облысында да жолда қар құрсауында қалғандар бар. Дауылды ескертуге қарамастан сапарға шыққандардың көбі Өскемен-Тарғын, Өскемен-Риддер, Өскемен-Шемонаиха күре жолында тоқтап қалған. Қарға кептелген 72 көлік шығарылды. Аймақта бүгін де боран басылған жоқ. Жел екіпіні кей жерде 15 тен 20 м/с дейін жетеді. Шығыс Қазақстан мен Абай облысында кеше кештен бері апатты жағдайда электр жарығының өшуі туралы 110 дерек тіркелді.
Дәурен Айтжанов, энергетикалық қызмет көрсететін компаниялар бірлестігінің басқарма басшысы:
-Қазір барлық жерде жолдар жабық, сонымен біздің техника шыға алмай жатыр. Материал бәрі бізде бар, спец техника бәрі дайын, тосып отыр, ашқан кезде жолды авариялық ситуацияны жоямыз.
Қазгидрометтің дерегінше арктикалық суық ауа ағыны Қазақстан аумағыда әлі үш күн сақталады. Солтүстік пен орталықта 35 градусқа дейін, оңтүстікте түнде 28 градусқа дейін суытады. Басқа өңірлерде бұрқасын, екпінді жел, көктайғақ пен тұман түсуі мүмкін.
Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы