Енді тұрғын үйлер жанында орналасқан дүкендер бақылауға алынады

  • 24
  • 05.08.2025, 18:49

Енді тұрғын үйлер жанында орналасқан дүкендер ерекше бақылауға алынады. Бағаны негізсіз өсіруге болмайды. Мәселен, әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке 15 пайыздан артық үстемақы қосылмау керек. «Мұны сауданы цифрландыру арқылы оңай анықтауға болады»,– дейді мамандар.  

Ұн, қант, картоп, күріш, күнбағыс майы. Тұрғындар күнделікті қолданатын осындай 19 өнім түрі бар. Үкімет аталмыш азық-түліктің бағасын енді цифрлық жүйе арқылы қадағалайды. Былайша айтқанда тауарды өндірушіден бастап, сауда орнына дейінгі бағасына талдау жасалады. Бұл жоба алдымен Ақкөл, Көкшетау және Павлодар қалаларында сынақтан өткізіледі.    

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Біз әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 15% сауда үстемесін бақылауды күшейтуге көшеміз. Сонымен қатар тиімді басқару шешімдерін қабылдауға мүмкіндік беретін ӘМАТ бағасын талдау модулі іске асырылуда. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек алушыларға азық-түлік ваучерлерін ұсыну бойынша пилоттық жоба іске қосылуда. Ваучермен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларды сауда үстемесіз бағасына сатып алуға мүмкіндік береді. 

Қазір экономиканы цифрландыруға баса көңіл бөлініп отыр. Мақсат - тауардың өндірушіден бастап тұтынушыға дейінгі қозғалысын бақылап, өнімнің өзіндік құнын саралау. Бұл арадағы делдалдар санын қысқартып, бағаның негізсіз қымбаттауына жол бермеу үшін жасалып отыр. Бұған дейін тауарларды сертификаттау, таңбалау қолға алынғаны белгілі. Мұның барлығы біз атап өткен жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Айтпақшы Қазақстанда міндетті таңбалауға жататын тауарлардың тізбесі кеңейтіледі. Мәселен, мотор майлары биыл жыл соңына таңбаланады. Алдағы екі жылда бұл тізімге сыра өнімі, зергерлік бұйымдар, жеңіл өнеркәсіп тауарлары мен биологиялық белсенді қоспалар қосылады.  

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Меніңше, Сауда министрлігі тарапынан таңбалаудың маңыздылығы мен оң әсері туралы кәсіпкерлерге тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілмеді. Сондықтан ақпараттық-түсіндіру науқанын күшейтіп, таңбалауға жататын тауарлар тізбесін кеңейтуді жалғастыру керек. Сондай-ақ агромаркетплейсті және қадағалау жүйесін іске қосу жөніндегі бастамалардың маңыздылығы атап өткім келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігіне жыл соңына дейін агромаркетплейс арқылы ауыл шаруашылығы өндірушілерінің жұмысын ынталандыратын тетіктерді әзірлесін. 

Үкімет басшысы сонымен қатар жыл соңына дейін В2В электрондық сауда алаңын іске қосуды тапсырды. Жоба шағын және орта бизнес өкілдері үшін ірі халықаралық жеткізушілермен тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Яғни арада делдал болмайды.   

Үкімет отырысында ана мен бала өлімін азайту үшін қолға алынған шаралар да қаралды. 

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Қабылданған шаралар нәтижесінде 2024 жылы ана өлімінің деңгейі 12%, нәресте өлімінің деңгейі 11% төмендесе, биылғы жылдың 6 айының қорытындысында ана өлімінің деңгейі 10%, нәресте өлімінің деңгейі 26%-ға төмендеді. 

Көрсеткішті бұдан әрі жақсарту үшін елімізде 12 заманауи перинаталдық орталық салу жоспарлануда. Биыл Шымкент пен Қарағандыда аталмыш медициналық нысанның құрылысы басталады.

Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин