Үкімет инвестициялық модельді қайта құрып жатыр. Соның негізінде шетелдік капиталды тартуға, отандық өндіріс, инфрақұрылым, технология және шикізаттық емес тауар экспортын дамытуға басымдық берілген. Биыл тамыз айына дейін жалпы сомасы 4,4 трлн тг болатын 26 инвестициялық келісім жасалды.
Елімізде бюджеттен тыс инвестиция көздерінің үлесі 86%-ға дейін өсті. Нақты секторды қаржыландыруға «Бәйтерек» холдингі арқылы 8 трлн тг қарастырылып отыр. Межелі міндет Мемлекет басшысының Жолдауы аясында іске асып жатыр.
Тимур Онжанов, «Бәйтерек» ҰИХ басқарма төрағасының орынбасары:
- Жыл басынан бері тұрғын үй бағытын қосқанда, жалпы қолдау көлемі 7,4 трлн тг жетті. Оның 5,4 трлн тг кәсіпкерлікті дамытуға бағытталды. Бұл қаражаттың көмегімен кәсіпкерлер өз жобаларын іске асырып, ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алып, өндірісін кеңейтіп жатыр. Сонымен қатар ірі өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобаларға да қолдау көрсетудеміз.
Қазақстанды Азия мен Еуропаны жалғайтын аймақтағы жетекші логистика торабына айналдыру да бүгінгі күн талабы. Еліміздің аумағы арқылы 13 ірі халықаралық көлік дәлізі өтеді. Қытай мен Еуропа арасындағы темір жолмен тасымалданатын жүк көлемінің 85% жуығы Қазақстан аумағымен өтеді. Мұның өзі әлемдік сауда мен өзара көлік байланысында негізгі рөл атқаратынымызды растайды. Түнеукүні Елордада өткен Инвесторлар форумында шетелдік мамандар логистика саласына озық цифрлық шешімдерді енгізуге атсалысуды қолдады.
Томас Эрвин, EY Global artificial intelligence мемлекеттік секторы мен инфрақұрылымындағы AI басшысының жаһандық орынбасары:
- Қазақстанның бағыты дұрыс. Жаһандық сын-қатерлерге қарамастан Қазақстан шетелдік инвесторлар үшін тартымды мемлекет. Елдің жасанды интеллектіні дамыту бағындағы мақсаты да айқын. Қазақстанның тарнсшекаралық деректерді цифрландыу жоспарын құптаймын. Бұл саланы дамытуда өте тиімді шешім болмақ.
Елдің инвестициялық моделі жаңа технологияларды меңгерген мамандарға да байланысты. Бұл ретте елімізде жастарды ЖИ саласына оқытуға басымдық беріліп жатыр. Қазір өңірлерде тегін курстар қолға алынған. Соның бірі 12-18 жас аралығындағы балаларға арналған «TUMO Astana» орталығы. Бүгінде мұнда 2 376 оқушы білім алып жатыр. 2026 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 5 мыңға жеткізу жоспарланды.
Айнұр Қуанышбаева, орталық менеджері:
- Біз балаларды тегін оқытамыз. Олар ата-аналарымен бірге келеді. Ешқандай іріктеусіз қабылдаймыз. Біздің орталық 5000 баланы қабылдауға дайын. Балалармен бірге жұмыс істейтін 16 ментор бар. Және оған қоса әр бағыттан спикерлер бар.
Аян Рамазан, ҚР Ғылым Және Жоғары білім министрлігі цифрландыру департаментінің директоры:
- Осы жобалар жасанды интеллект қолдана отырып, түрлі салалардағы және студенттердің мамандығына байланысты шешімдерді ұсынды. Осы салалардың ішінде білім беру, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, көлік, логистика салаларындағы және тағы басқа салалардағы шешімдер ұсынылды.
Президент жолдауындағы тапсырманы орындау барысындағы тағы бір жемісті жұмыс «AI-Sana бағдарламасы». Бұл оқыту мен жасанды интелектті тәжірибеде қолдануды біріктіреді. Білім ошақтарынан бөлек, нейрожеліні меңгеруге мемлекеттік қызмет саласының өкілдері де тартылды. Елде 55 мың мемлекеттік қызметші «AI Qyzmet» бағдарламасы бойынша оқытылды. Аталған курс мемлекеттік қызметшілердің жасанды интелект қолданудағы практикалық білімдерін жетілдіреді.
Авторы:Құралай Жұмахан, Азамат Сәметов