А.Мамин: Мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемені орындайды
Сыртқы саудаға кесірін тигізді. Мұнай бағасы төмендеп, доллар бағамы өсті.
Бірақ мұндай құбылыстарға қарамастан, мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемені орындайды. Бұл туралы Үкімет басшысы мәлімдеді. Асқар Мамин тауар бағасына қатысты тапсырмалар беріп, халықты қиын жағдайда қалдырмауды міндеттеді.
Доллар көтерілгеннен кейін халық азық-түлік бағасына алаңдап отыр. Осыған байланысты Үкіметте Ұлттық экономика министрі мәлімдеме жасады. Күнделікті тұрмыста тұтынатын өнімдердің басым бөлігі өзімізде өндіріледі. Сондықтан азық-түлік құны шарықтамайды. Ал сырттан тасымалданатын техника мен дәрі-дәрмек бағасы аз-маз өзгеріске ұшырауы мүмкін.
Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Біз мұндайды 2009 және 2016 жылы бастан кешірген едік. Бірыңғай дистрибьютор негізгі тауарларға шарттасып қойды. Электроника саласына қатысты айтар болсақ, әлемдік брендтер алдын ала жергілікті жердің сұранысына бағаның сай болуын ескереді. Сондықтан электроника саласында әдетте баға бұрынғы деңгейде қалады. Сондықтан біз инфляциялық процесті сыртқы әсерлер қолайсыз болып тұрғанның өзінде бақылап отыруға болады деп санаймыз.
Халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсарту – мемлекеттің экономикалық саясатының басты мақсаты. Сондықтан дүрлігуге себеп жоқ. Ел азаматтарына әлеуметтік төлемдер уақытылы беріледі. Ол үшін қазынадан 3 трлн 377 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ биыл «Еңбек» бағдарламасы аясында 735 мың адамды жұмыспен қамту көзделген.
Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Оған тиісті қаражат жергілікті және республикалық бюджеттен қарастырылған. Қажет болған жағдайда жаңа тетіктер, көлемдер ұсынылуы мүмкін. Жұмыс істеп жүрген азаматтардың қызметінің сақталуына, жалақысының уақытылы төленуіне бізде қалыптасқан мониторинг жүргізудің бақылау жүйесі бар.
Министрлерді мұқият тыңдаған Үкімет басшысы тиісті тапсырмаларды жүктеді. Халықты қиын жағдайға қалдырмауды міндеттеді. Бұл ретте зейнеткерлер мен әлеуметтік көмекке мұқтаж жандардың жәрдемақысына көбірек көңіл бөлу керектігін айтты.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Әлемдегі экономикалық жағдай күрделі болып тұр. Сыртқы экономикада теріс серпін байқалуда. Бұл ретте қалыптасқан жағдайды ескере отырып, Президенттің тапсырмасы бойынша өңірлерде Шұғыл әрекет ету штабы құрылды. Үкімет әрі қарай дамудың бірнеше нұсқасын әзірледі. Әр нұсқа қажетті қаржы ресурстармен қамтамасыз етілген. Бұл шаралардың мақсаты – халық әл-ауқатының сақталуын қамтамасыз ету. Халықты қиын жағдайда қалдырмаймыз.
Әлемдік экономикадағы күрделі жағдайды ескерген министрлер тығырықтан тез шығудың жолын іздеп жүр. Ал бюджет шығысы қайта қаралған. Енді семинарлар мен форумдарға шектеу қойылмақ. Ал маңызы жоқ жобалардың тізімі қысқартылады. Сондай-ақ қазынадағы қаржыны бейберекет жұмсау доғарылады.
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Қанат Әбілдин