Хабар телеарнасы

«Қазақстан электролиз зауыты» АҚ өндіріс қуаттылығын арттырды

Жылдың аяғына дейін кәсіпорын жоспарды жобалық қуаттан асыра орындауға бекініп отыр.

«Қанатты металл» шығаратын отандық өндіріс өнімнің ішкі нарықтағы үлесін арттырған. Отандық өнімге жергілікті кәсіпорындар арасында сұраныс жоғары.

ERG құрамындағы «Қазақстан электролиз зауыты» бастапқы алюминийді әдеттегінен көп шығара бастады. Кәсіпорында жүзеге асып жатқан маңызды жобалардың арқасында металл балқыту көлемі ұлғайды. Зауытта тоқ күшінің өсуі жоғары амперлі электролизёрлер өндірісін арттыруға сеп болды.

Серік Дөңбекбаев, «Қазақстанның электролиз зауыты» АҚ президенті:

- Осы жобаның арқасында біздің жоғары амперлі электролизёрлерде тек ағымдағы жылы өндіріс көлемі 15 мың тоннаға артты. Егер жоба бойынша жылдық қуат 250 мың тонна болса, биылғы жылы ол 265 мың тоннаға жетті. Он бір айда зауыт 241 мың тонна алюминий өндірді.

Кәсіпорын биыл қазақстандық тұтынушылармен 11 келісімшартқа отырған. Қазір отандық алюминийге сұраныс өте жоғары болып тұр. «Қанатты металлдың» шамамен 60% шоғырсымдар жасау үшін қолданылады. Тағы 20% металл жиынтықтарын шығару үшін қажет.

Серік Дөңбекбаев, «Қазақстанның электролиз зауыты» АҚ президенті:

- Өнімді ішкі нарыққа өткізу үлесі биыл 20% өсті. Мұны біз отандық өндірістердің дамуымен байланыстырамыз. Кәсіпорындардың металды қайта балқытуы, тереңдетіп өңдеуі алюминийге деген сұранысты арттырды.

«Қанатты металл» Еуропа нарығына да кетіп жатыр. Табысты менеджмент өнімнің бір бөлігін Ресей Федерациясынан Еуропаға шығаруға мүмкіндік берді. Алюминиймен қамтамасыз ету көлемі 10,5 мың тоннаға жетті. Биыл алғаш рет Өзбекстанға экспорт көлемі 250% өсті.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов