«Самұрық-Энерго» АҚ жылдық жоспарды 100 процентке орындады
Пандемияға қарамастан, жылдық жоспар артығымен орындалды. Fitch Ratings Халықаралық агенттігі компания жұмысын жоғары деңгейде бағалап, тұрақтылардың санатына енгізді. Алдағы маусымның жөндеу жұмыстары да толығымен жүзеге асырылған.
Қазақстанда өндірілетін электр қуатының 30 проценті энергетика нарығында 13 жыл қызмет ететін «Самұрық-Энерго» компаниясының үлесінде. 18 мың қызметкері бар алып мекеме пандемия жағдайында міндетін мүлтіксіз орындады. «Жоспар 100 процентке орындалды», – дейді мекеме өкілі.
Серік Тютебаев, «Самұрық-Энерго» АҚ «Өндіріс және активтерді басқару» басқарушы директоры:
– Пандемия сынағын абыроймен өткерді. Өндіріс көлемі артып, биыл Қырғызстан мен Өзбекстанға электр қуатын экспорттадық. Шардара су электр станциясын толық жаңартып, пайдалану мерзімін 50 жылға ұзарттық. Алматыны толық қамтамасыз ету үшін №2 жылу электр станциясында №8 қазандықты іске қостық.
Елдегі көмірдің 40 процентін өндіретін компания экологиялық қауіпсіздікті ұмытқан емес. «Самұрық-Энерго» 2 жел энергиясы станциясын салуды қолға алды. Бірі – Алматы, екіншісі Ақмола облысында орналаспақ.
Серік Тютебаев, «Самұрық-Энерго» АҚ «Өндіріс және активтерді басқару» басқарушы директоры:
– Елбасының Алматы қаласының экологиясын мейлінше тазартуға қатысты тапсырмасына сай «ҚазТрансГаз» компаниясымен бірлесіп, Алматыдағы №2 жылу электр станциясын газға көшіру жоспарланған. Ол ауаны ластау көлемін 83 процентке азайтпақ. Кешкі уақыттағы энергия тапшылығын жабу үшін өндіріс қуаты 300 мегаватт Кербұлақ су электр станциясын саламыз.
«Самұрық-Энерго» биыл сағатына 30,7 млрд киловатт электр қуатын өндірді. Келер жылы оның көлемі 32,2 млрд киловатқа өспек.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Азамат Сәметов