Биыл Қостанай облысынан Қытайға 4,5 млн тонна темір кені жөнелтілді
Биыл Қостанай облысынан «аспан асты» еліне 4,5 миллион тонна темір кені жөнелтілді. Бүгінде жоғары сапасымен ерекшеленетін шекемтас шетел нарығын да жаулап алған. Бұл мақсатқа келер жылы да қосымша тағы екі күйдіру машинасы іске қосылады деп отыр.
Бұл цехта шекемтастар шығарылады. Шикізат 1250 градус ыстықта қалпына келтіріледі. Күйдіру үдерісі тәулік бойы жүзеге асады. Бір ауысымда 8 мың тонна өнім алынады.
Владислав Алексеев, «ССКӨБ» АҚ Шекемтас өндірісі учаскесінің бастығы:
– Күйдірілген темір кені шекемтастарын концентрат арқылы өндіреміз. Ол кен дайындау және байыту цехынан келеді. Байланыстырушы зат ретінде жергілікті Сарыбай кен орнының сазын пайдаланамыз. Техникалық талап бойынша темірдің құрамы 63,5 % болуы шарт. Бізде бұның бәрі ескеріледі.
Кәсіпорындағы өндіріс толық автоматтандырылған. Мына мониторда конвейер мен желдеткіштердің жұмысы, ошақтың температурасы көрсетіліп тұрады. Шикізат бес түрлі кезең бойынша өңделеді.
Сауытбек Бисенбаев, «ССКӨБ» АҚ Күйдіру учаскесінің бастығы:
– Кептіру, қыздыру сосын күйдіру. Егер де бір ақау анықталса, дер кезінде көріп, қателіктерді жоюға тырысамыз. Техникалық бақылау деген арнайы қызмет бар. Сол жерде преспен қысу арқылы бақыланады. Шекемтастың қаттылығы 250 килограмнан астам бүгінгі таңда. Шекемтастың майдалылығы 3% аспайды. Ол біздің тауарымыз.
Металлургия өндірісіне қажетті шикізат Ресей, Қазақстан және Қытай комбинаттарына жеткізіледі. Биыл Қытайға экспорт көлемі артқан.
Юрий Степанов, «ССКӨБ» АҚ Өткізу басқармасының бастығы:
– Қытайға тасымал көлемі екі есе артты. Биыл бұл көрсеткіш 4 миллион 700 мың тоннаға жетеді деп болжап отырмыз. Осы ретте қытайлық контрагенттермен келіссөздер жүргізген басқарушы компанияның үлесі айырықша дер едім.
Кәсіпорын келер жылы шекемтас өндірісін арттыруды көздеп отыр. Бұл мақсатта қосымша тағы екі күйдіру машинасы іске қосылады.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров