Зейнетақы қорындағы қаржы «Бір терезе» қағидаты бойынша беріледі
Сонымен қалың ел тағатсыздана күтіп отырған бұл жаңалықтың тағы қандай ерекшеліктері бар?
Зейнетақы қорындағы қаржыны алуда қазақстандықтар қаланың бір шетінен екінші шетіне шабылмай, «Бір терезе» қағидаты арқылы бар шаруасын тындыра алады. Тіпті банкке де сабылмай, барлық қызметті онлайн алуға болады. Бұл үшін 5 қаңтардан арнайы онлайн платформа іске қосылмақ. Сондай-ақ зейнетақы қорындағы қаржыны алуда жеке табыс салығын төлеудің өзіне ыңғайлы тәсілін таңдауға мүмкіндік беріледі.
Жанат Құрманов, «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасы:
- Жаңа салық кодексіне сай азаматтарға жеке табыс салығын төлеудің екі амалы ұсынылады. Алғашқысы, салықтың толық көлемін бірден төлеу, екіншісі, кейінге шегерту арқылы, яғни жеке табыс салығын зейнет жасына жеткенге дейін бөліп төлеуге болады.
Зейнетақы қорынан операторға аударылған қаржы арнайы шотта 45 жұмыс күні бойы сақталады. Маңыздысы, ол азаматтың төленбеген несиесі немесе алимент өндіріп алуға берілмейді. «Қаражаттың мақсатты жұмсалуы заңмен реттелген», – дейді мамандар.
Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» ТҚЖБ» АҚ басқарма төрағасы:
- Егер 45 жұмыс күні ішінде ипотека рәсімдеу, я болмаса өзге де операциялар жасағаны туралы растайтын құжаттарды ұсынбасаңыз, арнайы шоттағы қаржы БЖЗҚ-ға қайтарылады. Яғни мемлекеттік кепілдікке қайта түседі.
Сиыр жылында еңбекке қабілетті 1 млн қазақстандық зейнетақы қорындағы қаражатының бір бөлігін алу мүмкіндігіне ие болады екен. Ал сарапшылар қордағы қаржы ортайып қалмау үшін зейнетке ерте шығуға қажетті соманың шегін төмендету қажет деп есептейді. Өйткені орташа жалақы төмен. Ал бекітілген қаржының көлемі үлкен. Мәселен, ерлер 55 жаста зейнетке шығу үшін 10 млн теңге жинауы тиіс.
Мақсат Халық, экономист-сарапшы:
- Ондай қаражатты әрбір азамат жинай алмайды. Неге сол зейнетақы аннунитетін жинақтау шегін 6 млн-ға дейін түсіруге болмайды. Сонда көптеген азамат қазір шешіп алғаннан гөрі, «кішкене күте тұрайын, қайта 55 жаста зейнетке шыға аламын, сондықтан зейнетақы қорындағы ақшаны ұлғатайын» деген шешім қабылдайды.
Ал жауапты орган өкілдері бұл заңды алдағы уақытта халықтың сұранысына қарай жетілдіріп отырамыз. Зейнетақы қорындағы қаржыны бөліп алу тек бір жылмен шектеліп қалмайды. Сондықтан қазақстандықтарды зейнетақы қаржысын алуға асықпауға шақырды.
Авторы: Зайнұр Байжігіт