Қазақстан ипотека қолжетімділігі бойынша 109 елдің ішінен 74-орынға тұрақтады
Бұған бірден-бір себеп – зейнетақы қорындағы қаржының басым бөлігі пәтер сатып алуға жұмсалып отырғандығы. Мәселен, қордың қаражатына иек артқан азаматтардың 87% үйдің күйіне кіріскен. Нақтыласақ, 45,5% пәтер алуға, 28,3% ипотекалық несиесін жабуға, 10,5% «Отбасы банкі» арқылы ипотека рәсімдеу немесе екінші деңгейлі банк арқылы тұрғын үй сатып алуға бағыттапты.
Қордағы қаражаттың бір бөлігін пайдалану үшін 12 ақпанға дейін құны 1 млрд 855 млн теңгеге тең келетін 115 608 өтінім келіп түскен екен. Оның 78 074-і мақұлданған. «Мұндай статистикалар жарыққа шыққан сайын баспана бағасы шарықтап барады», – дейді мамандар. Мәселен, биыл қаңтарда жаңадан салынып жатқан баспана құны 3%, ал қолданыстағы үйлердің бағасы 5% өскен. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі қарбалас үй бағасын қолдан қымбаттатуға әкеп соққан.
Жалпы Қазақстан қолжетімді ипотекасы бар елдер рейтингінде 74-орында. Былтыр бұл көрсеткіш бойынша 104 елдің ішінде 80-орынға тұрақтаған еді. Есеп бойынша елімізде 90 шаршы метрлік пәтерді 20 жылға ипотекаға алу кезінде ай сайынғы төлем бір отбасының табысынан 1,5 есе артық болып шықты. Жалпы ипотекасы қолжетімді елдер көшін Сауд Арабиясы, Пуэрто-Рико және АҚШ бастап тұр. Бұл елдерде ай сайынғы ипотека төлемі кірістің 30% аспайды.