Хабар телеарнасы

А.Маминнің БАӘ сапары: 2 млрд доллардан аса инвестициялық жобаларға қол жеткізілді

Келіссөзге сәйкес қос тарап сауда-экономикалық, агроөнеркәсіп, туризм және басқа да салаларды бірлесіп дамытуға уағдаласты.

Қазақстан мен БАӘ – бұрыннан серіктес мемлекет. Осыған дейін бірлесіп біраз ілкімді істерді атқарды. Мәселен қуаты 16 мың тонна болатын Қорғаста зауыт салынды. Бұл бір ғана дәлел. Енді қос тарап еліміздегі ауыл шаруашылығын дамытуға күш салмақ.

Ашиш Каул, компания өкілі:
- Біздің келесі жобамыз – ауыл шаруашылығы. Сонымен қатар жеміс-жидектерді қайта өңдеуге басымдық береміз. Алғашқы қадамды осы наурыз айында бастаймыз. Егістік биыл басталады. Біздің басты мақсатымыз – Қазақстандағы ауыл шаруашылығын дамыту.

Бізге де керегі сол. Себебі еліміздің бұл саласы кенжелеп тұр. Аздап қан жүгіртсе, елдің ауыл шаруашылығы өркен жаймақ. Мұны арабтар жақсы түсінеді. Сондықтан құйылған инвестицияның ақталатынына бек сенімді.

Наджиб Хури, компания төрағасы:
- Қазақстан ауыл шаруашылығында үлкен әлеуетке ие. Біздің ауыл шаруашылығы индустриясында қырық жылдық жұмыс тәжірибеміз бар. Қазақстан – ауыл шаруашылығы жақсы дамыған жаһандағы үздік елдердің бірі. Адамдары да, жерлері де, инфрақұрылымы да жақсы. Инвестиция құюға жақсы ел.

Абу-Дабидегі келіссөз мұнымен біткен жоқ. Тараптар сауда-экономикалық, қаржы-инвестициялық, көлік-логистика, агроөнеркәсіп, туризм, ғарыш, тау-кен металлургиясы мен энергетика саласын сөз етті. Аталған жобаларға тартылатын инвестиция көлемі – 2,2 млрд доллар.

Ариф Мапара, компания директоры:
- БАӘ мен Қазақстан үкіметтері және компанияларының түрлі келісімдерге қол қойғанына және индустриялық аймақтардағы жобалармен айналысатынымызға дән ризамыз. Менің ойымша, бұл көптеген саланың пайда болуына септігін тигізіп, Қазақстан халқы үшін, сондай-ақ осы өнеркәсіптік жобаға қатысатын компаниялар үшін үлкен бастама болмақ.

Келіссөздер қорытындысына сүйенсек, елімізде енді құс фабрикалары мен сүт-тауар фермалары салынады. Жемістер мен саңырауқұлақтарды өндіру және өңдеу ісі қолға алынады. Мұнымен қоса, туристік кешеннің әлеуеті артады. Осы сынды бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін 17 үкіметаралық және коммерциялық келісімге қол қойылды.