Түркістан облысында құны 2.5 трлн теңге болатын 115 жоба жүзеге асырылмақ
Осы өңірде соңғы 2 жылдың ішінде шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатындардың саны 15 мыңға артып, 141 мыңға жеткен. Ал былтыр облыс кәсіпкерлері құны 554 млрд теңгенің өнімін өндірген.
Соңғы 2 жылдан бері Түркістан қаласында құрылыс қарқыны бәсеңдеген емес. Киелі шаһар облыс орталығы болғалы бері қала «мәдени-рухани» және «әкімшілік-іскерлік орталық» болып, екі бағытта дамып келеді. Кезінде Елбасы өзі қазығын қағып, жоспарын сызып берген осы екі орталықтағы нысандардың барлығы қазір аяқталып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ мұнда тұрғын үй құрылысы да жанданып келеді. 2019 жылы шаһарда 150 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылса, биыл 390 мың шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне беріледі деп жоспарланған.
Тоқтар Үсіпалиев, Облыстық құрылыс басқармасының басшысы:
- Жаңа жобалар басталып жатыр. 20 қабатты екі тұрғын үй, одан бөлек 18 қабатты бизнес орталығы және каскадты 16 үйдің құрылысы басталды. Жеке салушылар есебінен бес қабатты үйлер, СПК арқылы да құрылыс жүргізіліп жатыр. Биыл облыс көлемінде 790 мың шаршы метр тұрғын үй алаңын тапсыруымыз керек.
Жеке инвесторлардың қаржысы есебінен қалада бірнеше жоба іске асырылды. Жақында ғана халықаралық әуежай іске қосылды. Бесжұлдызды қонақүйлер бой көтерді. Енді бірер күнде Орта Азиядағы теңдесі жоқ жоба – «Керуен сарай кешені» пайдалануға беріледі. Жалпы облыс құрылғалы бері өңірде 100-ден аса инвест жоба іске асырылған.
Мейіржан Мырзалиев, облыс әкімінің орынбасары:
- Өткен жылы Елбасымыз үлкен жобаны атап өтті. Ол Түркістан-Шымкент-Ташкент бағытындағы жүрдек пойыздың құрылысын биыл бастағалы отырмыз. 7 млн турист Өзбекстаннан келеді. Қазақстанға немесе Өзбекстанға келген қонақ екі елге де оңай жетуге мүмкіндік алады. 1 сағат 45 минутта Түркістаннан Ташкентке жетуге жағдай жасалады.
Сонымен қатар алдағы 2-3 жылдың ішінде Түркістан облысында құны 2.5 трлн теңге болатын 115 жоба жүзеге асырылады. Қазіргі таңда осы бағыттағы 10 жоба іске қосылып, 6 жоба жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ облыста ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамыған. Өңірде 1 мың гектарға жаңбырлатып суғару жүйесі енгізілді. Мұнда мал азықтық дақылдар өсіріледі. Өнім жоба шеңберінде австралиялық технологиямен салынып жатқан 10 мың басқа арналған бордақылау алаңына жеткізіледі.
Нұрбек Бадырақов, Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Австралиялық технологияның тиімділігі көп. Осында бордақыланып отырған мал тәулігіне кемі 1-2 кг салмақ қосады. Өйткені жем малға пісіріліп беріледі. Үшінші жобамыз – 50 гектарға жылыжай кешенін салу жобасын бастап кеттік. Қазір қаржыландыруға құжаттарын дайындап жатыр.
Айта кетейік, Түркістан облысының шаруалары өткен жылы 730 млрд теңге болатын 2.5 млн тонна өнім өндірді. Сөйтіп республикада 2-орынға шықты. Жиналған өнімнің 105 млн АҚШ доллары болатын 1 млн тоннасын экспортқа жөнелтті. Сондай-ақ республика бойынша ет экспортының 75% да осы өңірге тиесілі. Өткен жылы өңір кәсіпкерлері 5 мың тонна етті шетелге шығарды. Жалпы Түркістан облысында 143 мың басқа лайықталған бордақылау алаңдары жұмыс істейді.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш