Қарағанды облысының Саран қаласында «Татнефть» компаниясы шина өндірісін бастамақ
Бүгінде ол бірнеше кәсіпорын мен ғылыми-техникалық орталықты біріктіріп отыр. Ал Қарағанды облысындағы зауытта заманауи әрі ең озық технологиялар қолданылмақ. Осылайша «Мade in Kazakhstan» таңбалы шиналар ішкі нарықты толық қамтып, шет елдерге де экспортқа шығарылады. Зауыт іске қосылған кезде мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Кәсіпорында жергілікті мамандар жұмыс істейді.
Нижнекамск қаласындағы зауыттың өнімдері 40 елге экспортталады. Биыл мұнда 9.5 млн шина шығару көзделген.
Эдуард Миронов, «Нижнекамскшина» ЖАҚ атқарушы директоры:
- Біз жеңіл көлік пен жүк көлігінің барлық түріне арналған шиналарды жасап шығарамыз. Жалпы қазір біздің зауытта 12-18 дюйм аралығындағы шиналар өндіріледі.
Еліміздегі кәсіпорынның ауқымы да кең болмақ. Сарандағы зауытта жылына 3 млн жеңіл көлік және 500 мың жүк көлігінің шинасын шығару жоспарланып отыр. Сондай-ақ жаңа өндіріс ошағында ең озық технологиялар қолданылмақ.
Наиль Маганов, «Татнефть» ЖАҚ бас директоры:
- Қазақстандағы зауытта шығарылатын шиналардың категориясы жоғары болады. Зауыт Қазақстанның ішкі нарығын қамтамасыз етуі тиіс. Қалғаны экспортталады. Осылайша импорттың орнын басу, өнімді шетелге тасымалдау және жоғары технологиялық өндірісте жұмыс орындарын көбейту көзделіп отыр. Әрине, мұндай жобалар инвестициялық климатты тартымды етері анық.
Кәсіпорында жергілікті мамандар жұмыс істейді. 2025 жылға қарай 1 мың 100 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр. Қазір алғашқы топ Нижнекамск қаласындағы зауытта арнайы тағылымдамадан өтуде.
Арман Құлзақов, Шахтинск қаласының тұрғыны:
- 3 жылға еңбек келісімшарты жасалды. Алдымен мені оқытады, кейін шебер болып жұмыс істеймін. Барлығын үйреніп, Қазақстандағы өндіріске өз үлесімді қосқым келеді. Бізде де осындай шиналар шығарылса екен деймін.
Жоба қаланың индустриялық аймағын ғана емес, оның әлеуметтік жағдайын да жандандыруға игі ықпалын тигізуі тиіс.
Авторы: Меруерт Жақан