Елімізде алтын құймаларын сатып алатын азаматтардың саны артып келеді
Бүгінде мұндай алтындарды екінші деңгейлі банктерден және айырбастау пунктілерінен сатып алуға болады. Осы уақытқа дейін алтынның 1.88 тоннасы саудаланыпты.
Сәуір айында 95 келіге жуық алтын сатылды. Еліміздегі екінші деңгейлі банктер мен айырбастау пунктілері 2800-ге жуық алтын құйманы саудалапты. Ал жалпы 2017 жылдан бастап бүгінге дейін 1.88 тонна алтын сатып алынды.
Серікжан Майданов, ҚҰБ қорларды жоспарлау және талдау басқармасы басшысының орынбасары:
- Ұлттық Банк тікелей жекелеген адамдарға алтын құймаларды сатпайды. Алтын құймалар жеке тұлғаларға екінші деңгейлі банктер арқылы және айырбастау пунктілері арқылы сатылады.
Қазір құйманың бес түрі сатылымға шығарылған. Олар: 5, 10, 20, 50 және 100 грамдық алтын. Ал сатып алушылардың үнемі сұранысына ие болатыны 10 грамдық құйма екен. Осы уақытқа дейін оның 16 074 данасы сатылыпты. Одан кейінгі орында 100, 20, 5, 50 грамдық құймалар.
Серікжан Майданов, ҚҰБ қорларды жоспарлау және талдау басқармасы басшысының орынбасары:
- Алтын зақымданудан қорғайтын және ашылғанын, ашылмағанын белгілеуге болатын арнайы орамада сатылады. Бір жағынан, ол – қаптама, екінші жағынан, алтын қаптаманың сапа сертификаты. Алтын құймаларды сатып алған адамдарға ескертетініміз, алтын құймаларды жақсылап күтіп ұстап, ораманы ашпаған дұрыс.
Мамандар құймалардың инвестициялық әлеуетін жоғары бағалайды. Мәселен, кез келген азамат еш қиындықсыз алтын сатып алып, сата алады. Айта кетейік, 2017 жылдан бері 4.2 келіге тең келетін 147 құйма ғана банкке кері сатылған.