Екібастұздың темір жол кластері өндірісті халықаралық деңгейге көтермек ниетте
Бүгінде машина құрастырушылар Қазақстанның сұранысын толық жауып отыр. Алдағы уақытта кластер инновациялық технологиялармен жабдықталған тағы екі зауытпен толығады.
Екібастұздың «Проммашкомплект» ЖШС өндірістік қуаттылықты арттыруға мүдделі. Бұл – отандық темір жол кластерін қолға алған еліміздегі алғашқы өндіріс. Жылына 300 мың дана темір жол көліктеріне арналған дөңгелек шығарады. Оның ішінде жоғары салмақты жүк көтеруге арналған дөңгелектер бар.
Игорь Голтвенко, «Проммашкомплект» ЖШС бас директоры:
- Жоғары салмақта жүк тиейтін вагондарға, метроларға арнап дөңгелектер шығара бастаймыз. Жоғары жылдамдықты локомотивке арналған дөңгелектер де жоспарда бар.
Кәсіпорын құрамына кіретін топтар өнімдерін Еуропа нарығына арнап сертификаттау үстінде. Инновациялық технологиялар бұған дейін Еуропадан тасымалданып келген бұйымдарды отандық өніммен алмастыруға мүмкіндік береді.
Владимир Береговой, «R.W.S. BINDING» ЖШС директоры:
- Шілденің бірінен бастап R.W.S. Binding өнім түрлерін кеңейтеді. Рельсті бекітуге арналған барлық бес элемент біздің Қазақстан аумағында, Екібастұздан шыға бастайды.
2024 жылы темір жол кластері тағы екі жаңа зауытпен толығады. Олардың өнімі бұрын Қазақстанда шығарылмаған.
Сергей Павлингер, «Проммашкомплект» ЖШС дамыту жөніндегі директоры:
- Доңғалақ құрсауларын өндіретін кешен құрылып жатыр. Ол – ұсталық-тығыздау және құрсау бұйымдарының өңдірісі.
Жаңа экспорттық мүмкіндіктер маусым айының аяғында Нұр-Сұлтанда өтетін халықаралық конференцияда паш етілмек. Елордада өнім өндірушілер ғана емес, темір жол бұйымдарын тұтынушылар да бас қосады.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов