Қостанай автозауыты отандық машина құрастыру өндірісін дамытуды көздеп отыр
Нақты айтсақ, былтыр өңірде 40 мың 50 дана автокөлік өндірілген. Соның бестен бірі экспортқа жіберілген екен. Сондай-ақ Қостанайда ауыл шаруашылық техникаларының өндірісі де жылдан-жылға қарқын алып келеді. Отандық автозауыттар бүгінде бастапқы кездегідей құр құрастырып, жинаумен шектелмейді. Қазір сырлау, дәнекерлеу сияқты ұсақ торапты жұмыстар өзімізде атқарылады. Кейбір кәсіпорындар тіпті жекелеген бөлшектерін шығара бастады.
Динара Шөкежанова, АгромашХолдинг KZ компаниясының вице-президенті:
- Оқшаулау орталығы базасында біз дән сепкіш, трактор, комбайн, тіркемеге қажетті шамамен 150 бөлшек шығарамыз. Одан бөлек автокөлік бөлшектері өндіріледі. Осы жоба аясында биыл 450 жұмыс орны ашылды. Келер жылы қосымша 600-ге жуық адамды жұмысқа тарту жоспарда бар.
Жаңа жоба деп отырғаны – былтыр ашылған оқшаулау орталығы. 36 мың шаршы метр аумақта металды иіп, кесетін, пластикалық жабдықтар өндіретін, электр сымдарын есетін жоғары өнімді бірнеше автоматтандырылған желілер орнатылған. Былтыр кәсіпорын өткен кезеңмен салыстырғанда екі есе көп ауыл шаруашылық техникаларын шығарды. Олар мұнымен шектеліп қалмақ емес. Ал жергілікті автозауыт биыл 40 мыңнан астам көлік құрастырып, оның 8 мыңын экспортқа жөнелткен. Өндіріс өркендеген сайын кәсіби мамандарға да сұраныс артып келеді.
Ерсін Кендіров, сырлаушы:
- Былтырғы жылы осы зауыт арқылы Санкт-Пербургке барып, құйма өндірісін үйреніп келдік. Міне, қазір өзімізде өндіріп жатырмыз. Көлік жөндеу құрылғыларына қатысты құймаларды меңгердік. Ендігі мақсатымыз – автомобиль қақпағының құймасын үйрену.
Бүгінде автозауытта 2 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Кәсіпорын дуалдық оқыту жүйесі бойынша Қостанай автокөлік колледжімен тығыз байланыста. Оның сыртында өз базасында оқыту курстары тағы бар.
Нұржан Исахмет, сырлау цехының шебері:
- Біздегі цех мамандарының санына келсек, жүзге жақын азаматтар істейді. Оның жартысы – әйел кісілер. Арасында көптеген жас мамандар бар. Университетті бітіргеннен кейін жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ тәжірибеден өтіп жүрген азаматтар да бар.
«Бұл жетістіктер – отандық автоөндірісті дамытуға бағытталған мемлекет саясатының дұрыстығы мен тиімділігінің айқын дәлелі», – дейді сала мамандары.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг