Цифрлы таңбалау шағын дүкендерге қалай әсер етіп жатыр?
Осының арқасында ішкі нарықтағы көлеңкелі экономиканың үлесін 70-80% дейін азайтуға болады. Сөйтіп, алдағы уақытта кәсіпкерлер 15 тауар түрін таңбалайды. Әзірше тек темекі өнімі цифрлы белгілеуден өтіп жатыр. Бірақ кейбір іскер жандар: «бұл қып-қызыл шығын», - дейді.
Шынзада Жолдасбаева 8 жылдан бері дүкенде сатушы болып жұмыс істейді. Былтыр желтоқсан айында таңбалау құрылғысын сатып алған. «Ол тауар түрлерін сканерлеуге қажет. Бағасы анау айтқандай қымбат емес. Бар болғаны - 29 мың теңге», - дейді.
Шынзада Жолдасбаева, дүкенші:
- Қиын ештеңесі жоқ. Бұл – жұмыс үшін істелінетін нәрсе. Бәрін сатып, мінекей пайдаланып отырмыз.
Осының арқасында қазір сапалы өнім сатады. Таңбалаудың да түпкі мақсаты осы. Нарықтан ағзаға кері әсерін тигізетін тауарларды ығыстыру және көлеңкелі ақша айналымынан арылу.
Нұржан Баекеев, «Қазақтелеком» АҚ Цифрлық экономиканы дамыту орталығының басқарушы директоры:
- Міндетті цифрлық таңбалау қазан айынан басталған болатын. Қазіргі уақытта кәсіпкерлер таңбаланған тауар өнімімен жұмыс істеп жатыр. Жалпы таңбалаумен жұмыс істеу қиын емес.
Цифрлық таңбаны сканерлейтін құрылғыны сатып алған дұрыс. Бұл дүкен сөрелерін заңсыз тауарлардан сақтайды. Сатып алмаған жағдайда айыппұл салынбайды. Мамандар қаңқу сөзге ермеуге шақырады.
Анар Кәрібаева, Қалалық мемлекеттік кірістер департаменті басқармасы бөлімінің бас маманы:
- Бүгінгі күні сатушылар мен өндірушілерге айыппұл салу қарастырылмаған. Әзірге ондай заң жоқ.
Қазір темекі өнімдерін таңбалау міндеттелген. Алдағы уақытта аяқ-киім және сүт өнімдерін белгілеу көзделген. Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, таңбалау жүйесіндегі жұмыс оңтайландырылады.