Хабар телеарнасы

Алматының жаңа шағын аудандары бизнес жобалар үшін таптырмас мүмкіндіктер алаңына айналды

Аталған бағдарлама аясындағы жобалардың жай-күйі туралы бүгін дөңгелек үстел барысында айтылды.

2024 жылға дейін жүзеге асырылатын «Жаңа Алматы» бағдарламасының даму жобасы Қазақстан баспасөз орталығында талқыланды. Іс-шараға құрылғанына бірнеше жыл ғана болған Алатау мен Наурызбай аудандарының әкімдері де шақырылған. Қалалық стратегия және бюджет басқармасының басшысы Алмас Батановтың айтуынша, шеткі аудандардағы кәсіпкерлікті дамыту – негізгі бағыттардың бірі.

Алмас Батанов, Алматы қаласы стратегия және бюджет басқармасының басшысы:

- Бұл аумақтар қалаға облыстан қосылған болатын. Шеткі аудандарда бұрын кәдімгі электр қуаты, су және кәріз құбыры мен жол сынды қарапайым инфрақұрылым болмаған. Сондықтан жоспардың басты мақсаты осы аудандарды дамытуға бағытталған. Бұрын мұндай жағдай болмаған еді.

Жоспар бойынша жаңа аудандарда алты зауыт пен алты сауда орталығы салынады. Алмас Батановтың айтуынша, нысандар мерзімінде аяқталады. Алты кәсіпорынның бесеуінің құрылысы басталып кеткен. Айта кетейік, өткен жылы жалпы сомасы 28 миллиард теңге болатын автокөлік өндіруші зауыт пайдалануға берілді. Сонымен қатар металл өңдеп, жылжымалы құрылымдар жасайтын зауыт іске қосылған.

Алмас Батанов, Алматы қаласы стратегия және бюджет басқармасының басшысы:

 - Ол 2020-2024 жылдарға арналған төрт жылдық бағдарлама. Осы жобаны іске асыру барысында әртүрлі сұрақ туындауы мүмкін. Сондықтан бірқатары кейінге шегерілді, бірқатары жылдам қолға алынған. Барлық жұмыстар жоспар бойынша атқарылып жатыр.

Алматыда халық саны соңғы 9 жылда 30 процентке өскен. 2030 жылға таман 3 миллион адамға жетуі мүмкін. Сондықтан «Жаңа Алматы» бағдарламасы сұранысты қамтамасыз етуге қауқарлы. Қаланың өндірістік мүмкіндігін дамыту индустриалды аймақпен тікелей байланысты. Ол жерде кәсіпкерлікке жер телімдері бөлініп, инженерлік желі жүргізілген.

Авторлар: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев