Президент Қазақстан қаржыгерлерінің IX конгресіне бейнеқұттықтау жолдады
Енді олар экономиканы жылдам қалпына келтіруде негізгі рөл атқаруға міндетті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан қаржыгерлерінің IX конгресіне бейне құттықтау жолдап, осылай деп мәлімдеді. Қазақстанның қаржы саласы өңірдегі ең озық жүйе саналады. Бүгінде оның жиынтық активі 35 триллион теңгеден асып жығылған. Бұл еліміздің ішкі жалпы өнімінің тең жартысынан көп.
Қасым-Жомарт Тоқаев отандық қор нарығын, соның ішінде «Астана» халықаралық қаржы орталығын белсенді дамыту керек екенін айтты. Сондай-ақ қаржы секторындағы әлемдік тенденциялардан тыс қалмау маңызды.
«Түптеп келгенде, халықтың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының алдында тұрған ортақ міндет», - деді Мемлекет басшысы. Айта кетейік, биыл қаржыгерлер конгресі онлайн форматта өтіп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өткен жылдың басында коронавирус пандемиясы және оның салдары әлем экономикасына орасан зор зиян келтіретінін ешкім болжап білмеген еді. Нарықтар соңғы 100 жылда болмаған соққы алды, құлдырады. Мемлекеттік және халықаралық институттардың қабылдаған теңдессіз шаралары жағдайдың одан әрі шиеленісіп кетуіне жол бермеді. Алайда шикізат, сауда және қаржы салаларындағы ахуал әлі де құбылмалы. Жаһандық сын-қатерлер мен үрдістерді ескере отырып, қаржы саласын одан әрі дамыту – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Бұл ретте елдің экономикалық өсімін қолдау оның негізгі міндеті болып қала береді. Мемлекет қиын кезеңдерде отандық қаржы секторын үнемі қолдады. Соның арқасында бүгінде банктердің жұмысы тұрақты әрі экономиканы несиелендіретін әлеуеті жоғары. Сондықтан олар экономиканы жылдам қалпына келтіруде және оны одан әрі әртараптандыруда негізгі рөл атқаруға міндетті.