Елордалық кәсіпорындар отандық өнімнің 75% өндіріп отыр
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай онда отандық әтір шығаратын зауыт ашылмақ. Оған әзірбайжандық инвесторлар қаржы құйған.
Елордада арнайы экономикалық екі аймақ бар. Бірінші, индустриалдық парк белсенді дамытылып отыр. Бүгінде оның негізінде тепловоз, электровоз, жолаушылар вагонын, әскери техника, минералдық тыңайтқыштар шығарылып, құрылыс материалдары да жасалады. Барлығы 54 кәсіпорында 5 мың тұрақты жұмыс орны ашылған. Бұдан бөлек құны 60 млрд теңгеге жететін тағы 30 жоба енді қолға алынды. Былтыр пандемияға қарамастан арнайы аймақта инвестиция тарту бойынша рекорд орнатылған.
Бақытжан Досқазиев, Нұр-Сұлтан қаласы арнайы экономикалық аймағының басшысы:
- Пандемия кезінде қиын болды. Нұр-Сұлтан қаласы оған қарамастан рекорд жасаған. 1 трлн 100 млрд теңгедей инвестиция тартылған. 5 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны бар, оған қоса құрылыс саласында тағы 8 мыңға жуық адам жұмыс істеп жатыр.
«Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының аумағында биыл жыл басынан төрт өнеркәсіптік кәсіпорын іске қосылып, 100 жаңа жұмыс орны ашылған. 800 млрд теңгенің өнімі өндірілген.
Бақытжан Досқазиев, Нұр-Сұлтан қаласы арнайы экономикалық аймағының басшысы:
- Жыл басынан санағанда біздің экономикалық аймақ 450 млрд теңге инвестиция тартқан. Биыл жоба аясында он зауыт іске қосылады. Бүгінгі таңда он зауыттың бесеуі жұмыс істеп тұр. Бұл жердегі инвесторлар – жан-жақтан келген инвесторлар. Бізде Оңтүстік Африканың, АҚШ-тың инвесторлары бар.
Аймақ кәсіпорындарының ел экономикасын тіктеуге зор үлес қосып отыр. Жыл басынан бергі 9 айда 20 млрд теңгеден астам салық төленген. «Үкімет құйған инвестицияның 1 теңгесі бюджетке 6 теңге салық болып қайтуда», - дейді мамандар.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Нұрлан Малгелді