2022 жылдың соңына қарай инфляция 6% төмендейді
Осылайша, еліміз Халықаралық валюта қорының есебіне сәйкес маңызды міндеттемелерге қол жеткізді. Есепке жүйрік жаһандық экономистердің болжамы қандай?
Халықаралық валюта коры миссиясының жетекшісі Николя Бланшенің пайымына сүйенсек, Ұлттық банк, Үкімет пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі пандемия кезінде батыл шешімдер қабылдай білді.
Николя Бланше, ҚР Халықаралық валюта қоры миссиясының басшысы:
- Биыл жалпы ішкі өнім 3,5% көтерілгенін біз растаймыз. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 3,8% жетеді деген болжам бар. Біз Ұлттық банктің инфляцияға қарсы ұстанған саясатын қолдаймыз. Сондай-ақ ақша-кредит саясатында тәуелділіктен арылу ұстанымын жалғастырамыз.
Инфляциялық таргеттеу. Ұғым көпке таныс, бірақ мағынасы таңсық. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – ақша-кредит саясатының режимі. Мұнда Орталық банктің басты міндеті – экономикадағы тұрақты төмен бағаларды ұстап тұру. Бұл саясатты әлемнің 40 мемлекеті қолдануда, Қазақстан да 2015 жылдан бастап осы саясатқа көшкен болатын. Сондықтан да инфляцияның өрлеуіне Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтерумен жауап беруде.
Николя Бланше, ҚР Халықаралық валюта қоры миссиясының басшысы:
- Елде инфляцияның 9% дейін жеткенінен біз хабардармыз. Қысқамерзімді уақытта ол ішкі сұраныстың артуына және әлемдік нарықтардағы жеткізілімдердің үзілуіне байланысты жоғары болып қалуы мүмкін. Соңғы айларда базалық мөлшерлемені біртіндеп көтеру орынды деп санаймыз.
«2022 жылдың соңына қарай инфляция 6% дейін төмендейді», - дейді сарапшылар. Бұл мақсатқа жету үшін Үкімет пен Ұлттық банктің инфляцияға қарсы кешенді шаралары өз үлесін қоспақ.