Қазақстандық бизнеске келтірілген залал қандай қаражат есебінен өтеледі? – Ербол Өстеміров
- Ербол Лесбекұлы, осыған дейін көрсеткен ақпаратымызда жеке тұлғаларға келтірілген залал үшін төлемдер беріле бастағанын айттық. Ал заңды тұлғаларға төлеу қашан басталады және «Қасіретті қаңтар» салдарынан елімізде зардап шеккен кәсіпкерлер бойынша бүгінгі сандар қандай?
Ербол Өстеміров, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары, Басқарма мүшесі:
- Осы оқиғалар басталған кезден бері «Атамекен» ҰКП 1414 нөміріне Call-center ашқан болатын. Сол нөмірге барлық зардап шеккен кәсіпкер хабарласып отырды. 6 қаңтардан бастап бүгінгі күнге дейін 12 мыңнан астам қоңырау түсті. Оның ішінде 3 мыңнан көбі – зардап шеккен кәсіпкерлер. Кәсіпкерлердің берген мәліметтері бойынша, шығынның жалпы сомасы 58 млрд теңгеден асады.
- Залалды бағалау, оны өтеу іс жүзінде қалай жүргізіледі?
Ербол Өстеміров, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары, Басқарма мүшесі:
- Бұл мәселені шешуде сарапшылармен, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, механизмін жасадық. Бұл механизм 18 қаңтар күні Үкіметтік комиссияның шешімімен қабылданды. Оның ішінде келтірілген залалды өтеу үшін қандай құжаттар өткізу керек, қайда өткізу керек екені қарастырылған. Кәсіпкерлерге ыңғайлы болуы үшін infoKazakhstan.kz арнайы сайты іске қосылды. Кәсіпкер сол сайтқа арызын жіберіп, шығынды дәлелдейтін құжаттарын тіркесе, арнайы комиссия арызын 5 жұмыс күнінің ішінде қарайды. Барлығы сәйкес келген жағдайда, қаражат 30 күннің ішінде кәсіпкерлерге аударылады.
- Өтемақы тізіміне енбеуі мүмкін бизнес санаты бар ма?
Ербол Өстеміров, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары, Басқарма мүшесі:
- Мен жоғарыда айтқан механизм шағын және орта бизнеске келтірілген шығынды өтеу үшін қарастырылған. Мемлекеттік органдардың пікірінше, ірі кәсіпкерлердің шығыны өтелмейді. Дегенмен біз көмек көрсетуін сұрап жатырмыз. Қаржылай көмек болмаса да, корпоративті кіріс салығынан босатса, айтарлықтай көмек болар еді.
- Қазақстандық бизнеске келтірілген залал қандай қаражат есебінен өтеледі? Кім төлейді?
Ербол Өстеміров, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары, Басқарма мүшесі:
- Үкіметтің қабылдаған шешімі бойынша қазақстандық бизнеске келтірілген залалдың барлығы бюджет есебінен төленеді. Сонымен қатар Алматы қаласының кәсіпкерлері «Күшіміз бірлікте» деген ұйым құрды. Кез келген азамат сол ұйымға қолында бар қаржысын аудара алады.
- Сонымен қатар Президент өткен жұмада ірі бизнес өкілдерімен кездесуде бірнеше тезис жариялады. Ең маңыздыларының бірі – ел экономикасына ақша құю, әлеуметтік жауапкершілік, өндірісте жас мамандарға білім беру тәжірибесі. Президент ел экономикасына қаржы салу қажет екенін айтты. Өңірлерде бизнес салған қаржыға жұмыс істейтін қандай кәсіпорындар бар және қандай жобалар қаржыландырылады? Мұндай деректер бар ма?
Ербол Өстеміров, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары, Басқарма мүшесі:
- Елімізде орта және жоғары оқу орындары жастарды белгілі бір мамандық бойынша дайындаса, зауыт-фабрикаларға басқа мамандар қажет болып жатады. Бұл мәселені шешу үшін дуалды оқыту жүйесі енгізілмек. Сол арқылы кәсіпорындарға керек мамандар даярланады. Республика бойынша 4 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Кейбір кәсіпорындардың, мысалы «Қазақмыс», «Кентау трансформатор» зауыттарының өз мамандарын даярлайтын колледждері бар. Еліміз бойынша осындай 10 өндіріс орны оқу орындарын өз басқаруына алған. Бірақ қолданылып жатқан шаралардың жеткіліксіз екені рас. Өткен жылы зерттеу жасадық, 2300 агромаман даярланған, оның тек 7%-і өз мамандығы бойынша жұмыс істейді.