Қазақстан инвесторларды Астана халықаралық қаржы орталығындағы мүмкіндікті пайдалануға шақырады
Дәл қазір геосаяси шиеленіс, азық-түлік тапшылығы мен инфляция секілді әлемді алаңдатып отырған өткір мәселелер бар. Десек те аңысын аңдып экономиканы дамыту маңызды. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев инвесторларға тікелей қолқа салып, елге келген іскер топтарға мемлекет өзі кепіл болатынын айтты.
Жаһандық дағдарыс Давос форумының алаңдарына қызуғышылықты арттырды. Әлемдік экономикалық институттар жағдайды тұрақтандырудың түрлі жолдарын ұсынып отыр. Ең бастысы – салаларды әртараптандыру мен өзара сауданы күшейту. Халықаралық ірі компаниялардың басшыларына қазақстандық дамудың жаңа кезеңін Қасым-Жомарт Тоқаев өзі таныстырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Биліктің барлық тармағын реформалау арқылы суперпрезиденттік жүйеден нормативтік президенттік басқаруға өтуге ниеттіміз. Парламенттің рөлі күшейтіліп, жаңа саяси партиялар үшін кедергі азаяды. Билікті орталықсыздандыру жолында сыбайлас жемқорлық пен тамыр-таныстыққа жол берілмейді. Елдің келешегі үшін байлық пен биліктің бір қолда шоғырлануын тоқтатуға тиіспіз. Бұл өзгерістер Қазақстан Конституциясына енгізілетін 33 түзетуде қарастырылған.
Қазақстан инвесторларды Астана халықаралық қаржы орталығындағы мүмкіндіктерді пайдалануға шақырып отыр. Мұнда инвестициялар халықаралық деңгейде қорғалады.
Қайрат Келімбетов, АХҚО басқарушысы:
- Жалпы, Давос – жаһандық инвесторлар мен ірі қаржылық институттар жиналатын бірегей орын. Инвесторлардың көбі Қазақстанды жақсы біледі. Олар Қазақстанда инвестициялық ахуал әрі қарай қалай дамып, жақсаратынын түсінгісі келеді. Сондықтан олар Мемлекет басшысы беретін кепілдіктер, экономикалық реформалар, Жаңа Қазақстанды құру бойынша реформаларға үлкен қызуғышылық танытып, бұл іске қатысқысы келеді.
Саяси реформалар жаңа белеске көтерілуді мақсат еткен Қазақстан экономикасын дамытуға негіз болмақ. Шикізат қана шығармай, елімізге де, инвесторларға да пайда әкелетін тауар өндірісін дамыту қажет.
Ричард Гриффитс, Катар мемлекетінің кеңесшісі:
- Қазақстан әлем нарығы инвестиция құятын елге айналады деп үміттенемін. Ол – хаб. Орталықта орналасқан, географиясы керемет. Осылай жалғастыра берсеңіздер, елдеріңізге инвестиция молынан келеді.
Анастасиос Эконому, YPO халықаралық қауымдастық басқармасының басшысы:
- Бұл өте маңызды деп ойлаймын. Инвестиция тартқыңыз келсе, қорғалатын және жақсы реттелетін ортаны қамтамасыз ету керек. Қазақстанға қарасақ, ол криптовалюталардың әлемдік картасында жақсы жетістіктерге жетті. Инвесторларға әсер ететін реформаларға шын жүректен қуанып отырмын.
Былтыр елімізге тартылған тікелей шетел инвестициялардың көлемі пандемияға дейінгі көрсеткіштерден асып түсті. Қазақстан экономикасына 24 млрд доллардай қаражат құйылды. Бірақ 2022 жылғы дағдарыс пандемиядан да қауіпті. Дегенмен ол дамудың жаңа кезеңін ашып отыр. Осы орайда Қазақстанның халықаралық капитал тартатын өңірлік хабқа айналуға мол мүмкіндігі бар.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан