Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,5% көтерді
Енді өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 15,5%, ал өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 13,5% болады.
Бүкіл әлемде инфляция шарықтап барады. Ел ішіндегі ахуал да көңіл көншітпей тұр. Мәселен, мауcым айында жылдық инфляция 14,5% дейін өсіп, рекордтық деңгейге жетті. Салдарынан азық-түлік тауарларына баға 19,2%, басқа да тауарларға 13,2%, ал қызметтер үшін ақы 9,2% дейін өсті. Осыған байланысты сарапшылар: «Инфляция бұрын айтылған болжамның жоғарғы шегінен де 13-15% көбірек болады», – деп отыр.
Ақылжан Баймағамбетов, Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының орынбасары:
- Экономикамыз өсіп келе жатқан сыртқы инфляциялық қысымға бейімделуін жалғастырып жатыр. Бірақ инфляцияның шарықтау шегіне жетпедік. Тиісінше баға әлі де өсуін жалғастырады. Жоғары инфляциялық күтулер проинфляциялық қысымды күшейтуде.
Қымбатшылықты тоқтату үшін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,5% дейін көтерді. Егер жаңа күйзелістер болмаған жағдайда жылдық инфляцияның өсуі 2023 жылғы I тоқсанға дейін жалғасады және одан әрі бәсеңдейді.
Ақылжан Баймағамбетов, Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының орынбасары:
- Базалық мөлшерлеме бойынша қабылданған шешім теңгелік жинақтардың тартымдылығын арттыруға және 2023 жылы инфляциялық процестер мен инфляциялық күтулерді тұрақтандыруға бағытталған.
Еске салайық, жыл басынан бері базалық мөлшерлеме 3 рет көтерілді. Енді келесі шешім жазғы болжамдардың қорытындысы бойынша қабылданып, 5 қыркүйекте жарияланады.
Авторы: Дана Әлиева