Елімізде астық экспорты тоқтап тұр
Егін көлемі биыл былтырғыға қарағанда көп. «Егін орағы да ерте басталды. Сондықтан қазір Қазақстанның экспорттық әлеуеті өте жоғары», – дейді мамандар. Бірақ мәселе бағаға келіп тіреледі.
Ресми мәліметке сай ЕАЭО елдеріне жылына 1,5 млн тоннаға дейін ресейлік астық заңсыз тасымалданады. Бұл Қазақстанға да қатысты статистика. «Көлеңкеде қалған көрші елдің өнімі шекарадан бері қарай өткенде, біздің бидайдың бағасына кері әсер етеді», – дейді сарапшылар.
Айтпақшы, заңсыз астық айналымынан, қазақстандық кәсіпкерлерге жылына 400 млн доллар шығын келеді. Биыл Ресей де мол өнім күтіп отыр. Онда бидай бағасы тоннасына 10 мың рубльге дейін төмендеді. Біздің ақшаға аударғанда 76 мың теңге. Ал Қазақстанда 3-сұрыпты бидайдың бағасы бұдан екі есе жоғары, тоннасына 130 мың теңге. Себебі ресейлік астыққа экспорт кезінде тоннасына 38 мың теңге мөлшерінде баж салынады. Бұл олардың ішкі нарығын қорғайды. Ал қазақстандық бидай экспортқа баж салығынсыз кетеді. Алайда экспорттаушы кәсіпорын азық-түлік корпорациясына шетелге жөнелтілетін астықтың 10% тоннасына 116 мың теңгеден сатуы тиіс.