Еуразиялық Одаққа мүше елдерді қымбатшылық қысты
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген отырысында осылай деді. Айтуынша, Ұлттық валюталар арасындағы айырбас бағамдарында елеулі бұрмалаушылықтар байқалған. Тиісінше, бұл - елдегі сауда мен инфляциялық процестерге әсер етіп отыр. Сонымен қатар Премьер-Министр одақ ішіндегі экспортты дамыту үшін тауарлар транзитінің еркіндігін қамтамасыз ету қажеттігіне тоқталды. Бұған қоса, өзге елдерден де тасымалдарды жеңілдету үшін жағдай жасалуы тиіс екенін айтты. Жиынға Одаққа мүше елдердің үкімет басшылары мен бақылаушы мемлекеттердің жоғарғы өкілдері қатысты. Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Кедергісіз орта құру одақтың келісімінде көрсетілген. Оны қалыптастыруда комиссия жетекші рөл атқаруға тиіс. Оған сол үшін тиісті құзірет берілген. Қазіргі жағдайда кей серіктестеріміз өзінің мүддесін қорғау үшін бір жақты шектеу енгізуде. Бірақ мұндай қадамдар одаққа мүше басқа мемлекеттерге зардабын тигізбеуі керек. Сондай-ақ үшінші елден тауар әкелуді жеңілдеткен абзал. Комиссия осы сұрақты зерттеп ұсыныс жасайды деген ойдамын.