Қазақстан – Британ инвестициялық жобаларын дамыту мәселелері талқыланды
Мақсаты инвесторларды толық және кешенді ақпаратпен қамтамасыз ету. Көпшілікті, әсіресе өкілдіктерін Ресейден Қазақстанға көшіру мәселесі қызықтырды. Релокация бойынша шешім қабылдап үлгергендер тәжірибелерімен бөлісті.
Дэвид Кэшман, United Concrete Canvas Ltd компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі директоры:
- Біз өнімдерімізді Қазақстанға экспорттаумен бірнеше жылдан бері айналысып келеміз. Географиялық тұрғыда мекенжайымызды өзгертетін кезеңге жеттік деп ойлаймыз. Қазақстанды Орталық Азиядағы хаб ретінде қарастыра отырып, көшуге өте тамаша орын деп шештік.
Екі ел арасындағы әріптестіктің 30 жылы ішінде Ұлыбритания Қазақстан экономикасына 20 млрд доллардан астам қаражат құйған. Екіжақты саудада да оң динамика байқалады. Биыл жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы сауда көлемі 61% ұлғайған.
Ардақ Зебешев, ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы:
- Барлық елдерде бар баж, кедендік жеңілдету мәселелері ғана емес, бізде былтырдан бері стратегиялық-инвестициялық келісімшарт пайда болды.
Елімізде бүгінде 575 британиялық коммерциялық компания белсенді түрде жұмыс істейді. Олар мұнай-газ, тау-кен және өнеркәсіп, сондай-ақ қаржылық қызметтерді, жоғары технологиялар мен ауыл шаруашылығы салаларында қызмет етеді.
Вомик Нур Шах, Ұлыбритания сауда және өнеркәсіп министрлігінің департамент басшысы:
- Біз Қазақстанмен әріптестік орнатқысы келетін осындағы экспорттаушыларға да, қазақстандық мүдделі тараптарға да қолдау білдіруге дайынбыз. Ұлыбританиядан тауарлар мен қызметтер сатып алуға ниетті компанияларға, денсаулық сақтау, білім, инфрақұрылым, энергетика сияқты ірі жобаларға қатысқысы келетін мекемелерге қол ұшын соза аламыз.
Форум барысында инвестиция, телекоммуникация және жасыл энергетика саласында жұмыс істейтін компаниялармен екіжақты кездесулер өткізіліп, ынтамақтастық мүмкіндіктері талқыланды.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы