Хабар телеарнасы

Әлихан Смайылов: елдегі жанар-жағармай бағасын қымбаттатуға мәжбүрміз

Бүгін Үкімет отырысында Әлихан Смайылов: «Елдегі жанар-жағармай бағасын қымбаттатуға  мәжбүрміз», – деп мәлімдеді. Айтуынша бұл – мұнай тапшылығының алдын алу үшін қабылданған шешім. Қазақстанда дизель мен бензиннің тұтыну деңгейі ең жоғары, жылына 1 адамға дизель 370 литрден келеді. Соңғы бес жылда елдегі бензин өндірісі 70 процентке, дизель отыны 33 пайызға өскенімен, олар қазір ішкі нарыққа жұмыс істемейді. «Арзан жанар-жағармай әртүрлі жолмен көрші елдерге сатылып кетіп жатыр. Заң бұзғандар жауапқа тартылады», – деді Премьер- министр. Бірақ нарықты реттеуге бұл жеткіліксіз. Сондықтан экономикалық шешім қабылданған. Еске салсақ, 12 сәуірден бастап елімізде АИ-92 маркалы бензин 205, ал дизель отыны 295 теңге болады.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

-Жанар-жағармай нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуіміз үшін біз көрші елдермен бағалар айырмашылығын төмендетуіміз қажет. Бұл жанармайды жаппай шығарылуын төмендетуге және ішкі нарықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Басқа жолымыз жоқ.

Ал Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің пайымдауынша: «Бұл қымбаттау азық-түлікке аса әсер ете қоймайды». Тек тауардың түріне қарай бағасы көтерілуі мүмкін. Мәселен, қант 5 пайызға, ал күнбағыс майы 2,4 пайызға өседі деген болжам бар. Десе де, министр: «Қазір еліміздегі баға тұрақты, ал оны бірден өсіруге негіз жоқ», – дейді.