Хабар телеарнасы

Сергелдеңге салған субсидия

Осындай үлкен жеріміз бар деп мақтанамыз. Бірақ шет елден ет тасымалдаймыз.

Өкінішке қарай Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктегі салаға жауапты қызметкерлер өз міндеттерін дұрыс атқармай отыр деп ашық айтуға болады. Мысалы, көрші Ресей 20 жыл бұрын мал етінің 70%-ін шетелден тасыған. Қазір 140 млн тұрғынды етпен толық қамтамасыз етіп, экспортқа ет шығарып отыр. Біз де сол ресейліктермен қатар ірі қараға субсидия бөліп келеміз. Бірақ 20 млн халыққа жететіндей ет жоқ.

Субсидия жемқорлар жемсауына айналды. Ресей қаптаған санкцияға қарамастан бұл мәселені қалай шешті? Субсидия қаржысын журналистер мен блогерлерге бақылатып қойды. Енді осы мемлекет билігі: «Ауылдағы блогерлерді қолдаймыз. Ауыл блогерлері Ресей ауылын гүлдендіреді. Жайқалған селомызға қала жастары ағылып көшеді», - деп жатыр. Қазақ Үкіметі де қарап жатқан жоқ. Премьер-министр осы аптада Дохада өткен Катар экономикалық форумына қатысты. «Қазіргі уақытта ет және ет өнімдерін, азық-түлік тауарларын шығаратын қазақстандық компаниялар өз өнімдерін Катар еліне экспорттауға мүдделі. Осыған байланысты Халал сертификаттары рәсімдерін жеделдетуді қолға алмақпыз», - деді Әлихан Смайылов. Міне, етті экспорттау мүмкіндігі көбейді.

Агросаланы субсидиялау өзгереді. Нақтырақ айтсақ, етті мал шаруашылығындағы екі түрлі субсидия алынып тасалмақшы. Біріншісі – асыл тұқымды бұқаны жалға беру, екіншісі – ірі қара малдың тұқымдық шығу тегіне сәйкес келетін импортталған аналық басын сатып алу. Соңғысын жалпақ тілмен айтсақ, таза тұқымды сиыр.

Ермек Абуов, «Қазақстан фермерлер одағы» РҚБ төрағасының орынбасары:

- Шетелден, Аустралиядан көп мал кіріп келді ғой. Олардың көбі товарлы, асыл тұқымды мал емес. Біздің өзімізде де жететін ондай малдар. Неліктен оларға субсидия төленді, неліктен олар импортталды деп АШМ сұрақ қою керек. Енді олар өздерінің қателіктерін дұрыстайын деп отыр ғой. Оған төленбейді, деп. Оны қолдаймын. Әкелдің ба, жақсы тұқымды әкелу керек.

Жақсы тұқым әкелгендер субсидия ала береді. Мұндағы мәселе бұған дейін таза тұқымды және асыл тұқымды деп екі топқа бөліп, соларға субсидия беріліп келген. Енді екі бағыт бірігеді және асыл тұқымды мал басына қаржылай қолдау көрсетіледі.

Мәселен, қара малдың асыл тұқымды аналығын елден сатып алсаңыз 150 мың теңге, ТМД елдерінен, Украинадан импортталса 225 мың, Аустралия, АҚШ, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Еуропа елдерінен әкелінсе, 300 мың теңге қаржылай қолдау көрсетіледі. Мұндай көмек алғандарды іздедік, таптық.

Сәкен Сейітханұлы, тілші:

- Менің артымда жайылып жүрген «герефорд» тұқымды сиырлар мен бұзаулар. Дәл осы асыл тұқымды қара малға субсидия беріледі. Біз дәл осындай сиырмен айналысатын шаруашылықтың біріне келдік. Ақмола облысы, Ақкөл ауданы, Қарасай ауылының маңындамын. Бұл – Игілік Тәутенов ағамыздың шаруа қожалығы. Алдағы уақытта ірі қараға берілетін субсидия тағы да өзгеріске ұшырамақшы. Тағы да деп айтуымның себебі бар. Бұған дейін субсидия беру тәсілі 4 жылда 6 рет өзгерген.

Игілік Тәутенов, шаруа қожалығының басшысы:

- Бұл дұрыс емес деп есептеймін. Себебі әр шаруаның бастауында қаражат керек болады. Біреуінде ақшасы бар, біреуінде жоқ. Біреу он, біреу жиырма бас. Бұқаны сатып алатын ақшасы болмайды, ұрық алатын, ұрықтандыратындай жағдайы болмайды.

Шаруа бұқаны жалға беру тәртібін реттеп қалдыру керек еді дегенді айтты. Бұл пікірді «Әулиекөл тұқымы бойынша палата» директоры да қолдады. Себебі асылдандырудың бір жолы осы қадам еді.

Нұрғали Бисекенов, «Әулиекөл тұқымы бойынша республикалық палата» директоры:

- Осы бағдарламаның аясында көп шаруашылық пайда болып қалды. Әсіресе 15-20-100 сиыры бар шағын шаруашылықтар. Асыл тұқымды бұқаны сатып алу үшін қандай порода болсын бірден 500 мың теңге қою керек. Көбісінде ақша жоқ.

Бұл жайттың екінші жағы бар. Дәл осы бағытта жемқорлық көп – бір, екіншіден нәтиже көзге көрінбейді.

Дамир Егізбаев, ҚР АШМ ресми өкілі:

- Бұқаны жалға алу деген не ол? Жақсы, жалға алды, бірақ ол өнім берді ме, бермеді ме, одан төл алды ма, жоқ па, білмейсің. Бір сөзбен айтқанда, бақылау – нөл!

Мәселен, 2018-2019 жылдары субсидияның қаржысын талан-таражға салу дерегі бойынша 40-қа жуық факт тіркеліпті. Ал өткен жылдың соңында дәл осы ауыл шаруашылығы саласында 18 заңға қайшы әрекет анықталған.

Алмасбек Садырбаев, «Shopan ata» ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы:

- АШМ тарапынан, жергілікті ауыл шаруашылық басқармалары тарапынан өздерінің мүдделі үлкен шаруашалықтарына мүдделестері бар. Солардың асығы алшысынан түссін деп мына ереженің ішіне сондай дүниелерді енгізіп қояды. Жалпылама айқындалып жатады, қазақтың шаруаларына күйе жағады.

Иә, субсидия шағын шаруалардың қолына тимейді. Ірі фермалар, шаруа қожылықтары ғана мемлекеттің қолдауын көріп отыр. Бірақ алудың өзі мұң, кешігеді. Енді осы кешеуілдеп келетін қолдау қысқармақшы.

Ермек Абуов, «Қазақстан фермерлер одағы» РҚБ төрағасының орынбасары:

- Өкінішке қарай 2023 жылғы мал шаруашылығына жоспарлап отырған субсидия – 107 млрд. Былтырғы жылмен салыстырғанда 22,5 млрд-қа азайып отыр... Соңғы бір-екі жылды алайықшы, техника қымбаттап кетті, жанармай қымбаттап жатыр.

Ауыл шаруашлығы министрлігі болса, бөлінген қаржы өзгеруі мүмкін екенін айтады.

Дамир Егізбаев, АШМ ресми өкілі:

- Оның ішінде етті мал шаруашлығына 42 млрд деп қарастырып отырсақ, яғни биылғы шығынның жалпы соммасының 39-40 пайызы осы бағытқа жұмсалады. Бірақ жартыжылдықтан кейін бюджетте анықтау деген өтеді, сол кезде мына 107 млрд былтығыдай 130 млрд болуы мүмкін, бәлкім одан да асып түседі деген ойдамын.

Жоғарыда айтқанымыздай, екі бағыт қысқарады. Одан 2,3 млрд теңге үнемделеді. Бірақ сол қаржы дәл осы мал шаруашлығының өзге де салаларына жұмсалмақшы.

Дамир Егізбаев, АШМ ресми өкілі:

- Жұмыс тобының қорытындысынан кейін біз барлық келісуге мемлекеттік органдарға жібердік. Ол жақтан келісімдер шыққаннан кейін, сәтін салса, күзге дейін қабылдаймыз деген жоспарымыз бар. Бірақ ол қалай қабылданса да, бірден іске аспай, келесі жылдың бірінші қаңтарынан бастап жүзеге асады.

Жыл сайын өзгеретін субсидия ендігі жылы да түрлене түседі. Алайда мамандар тұрақтылық болу үшін 3 жылға осы талаптарды сақтамақшы. Уақыт көрсетеді...

 

Сәкен Сейітханұлы, Тайыр Мерекенов