Хабар телеарнасы

Аймақтарға сапар. Мықты аймақ – мықты мемлекет

Мемлекет басшысы пәрменімен Үкімет «бала асырап алушы отбасылар» институтын енгізбекші. Мақсат – барлық бала отбасыда тәрбиленуі керек.

Президент Тоқаев Алматы мен Солтүстік Қазақстан облысына сапары кезінде балаларымыздың берекелі өмір сүруі – бүгінгі ата-аналарының бақуатты тұрмыс-тіршілігіне тікелей қатысты екенін еске салды.

Алматы – алып агломерация, ауқымды мегаполис. Бауырындағы қаншама елдімекенді қосқанда 3 млн-ға жуық халқы бар. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, мегаполис көшелерімен күн сайын 460 мыңдай көлік жүреді. Қала маңындағы қозғалыс та аз емес. Тәулігіне 230 мың темір тұлпар ары-бері қатынайды.

Иә, халықтың мегаполис маңына шоғырлануы қалыпты жайт. Агломерация мен урбанизация үрдісін тежеу енді мүмкін де емес шығар. Президенттің осы түйткілдерді ескеріп, облысты екіге бөлгені де сондықтан. Президент Тоқаев агломерацияны көліктік модельдеуді де өзі тапсырған болатын. Себебі көлік кептелісі мегаполис үшін үйреншікті жағдай. Алматы биілігі енді жолдардағы іркілісті азайту үшін қоғамдық көлікті көбейтуге күш салмақ. Мемлекет басшысы Алматыға осы жолғы сапарында қоғамдық көлік жүйесімен танысты. 160 бағытта қатынайтын автобус, метро мен троллейбустардың қозғалысын алыстан ақ онлайн бақылайтын диспетчерлік орталықтың жұмысын көрді.

Қоғамдық көліктерде электронды төлем жүйесін енгізу, бүкіл үдерісті автоматтандыру жолаушы тасымалындағы көлеңкелі ақша айналымын азайтқаны рас. Соңғы 6-7 жылда саладағы ақша түсімі 10 млрд-тан 27 млрд теңгеге ұлғайғаны осыған дәлел. Жаңа жоба енді қызмет сапасын жақсарта түседі дейді мамандар.

Садир Хамраев, көлік холдингінің директоры:

- Қай автобус қай жерде кетіп барады, оған қанша адам мініп-түсті, тіпті, төленген жолақының әр тиынына дейін көз алдымызда.

Жалпы Алматы аумағы 20 жылда екі есеге ұлғайды. Халық саны да күн санап көбейіп барады. 2003 жылы тек Алматыда ғана 1,1 млн тұрғын болса, қазір 2,1 млн адам тұрады. Халық шоғыры тығыздалған сайын әлеуметтік нысандар қажеттілігі де еселеп өседі. Мәселен, мегаполис шетіндегі «Шұғыла» шағын ауданында бұрын оқушыларды дамытатын бірде-бір орталық болмаған. Жақында мұнда инновациялық-шығармашылық орталық ашылды.

Меруерт Жеңісова, үйірме жетекшісі:

- Бұл авиамоддельдеу үйірмесі. Мұнда оқушылар сызбаларды оқиды. Модельдерді құрастырады, бағдарламаларды үйренеді. Дрондарды ұшырады. Мұнда жалпы 15-тен астам дрон бар. Оларды бағдарламалауға арналған жиынтықтар бар. Сондай-ақ, ұшақ модельдерін жасауға арналған материалдар және станоктар бар. Осы арқылы ұшақтың корпусын модельдеуге болады. Нағыз творчествалық жұмыс.

Мұнда оқушыларды ғылыми-техникалық, көркем-эстетикалық шығармашылыққа баулып, олардың дүниетанымын кеңейтіп, болашақта мамандық таңдауға бағыт-бағдар беретін үйірмелер жұмыс істейді.

Ақбота Баймахан, оқушы:

- Президентіміз жиі айтатын баламалы энергия көздерін біз зертханада зерттейміз. Компьютердегі нұсқаулықтарға қарай отырып құрастырамыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жалпы жаңартылған энергия деген өте өзекті мәселе. Онымен айналысу керек. Біз бұл мәселеге аса назар аударамыз.

Мирас Қыдырханов, оқушы:

- Менің арманым – инженер немесе суретші болу. Мен суретті өзім салып, сызып, бояп, оны елге дамытқым келеді.

Қалалық білім басқармасының мәліметінше, қазір Алматыда балаларға қосымша білім беретін 17 мекеме бар. Алайда мектеп жасындағы 320 мың баланың тек 10 проценті ғана тегін үйірмемен қамтылған. Сондықтан, мұндай нысандарды көптеп салу керек-ақ.

Апта ішінде Тоқаев астықты өлке – Солтүстік Қазақстан облысына да жұмыс сапарымен барды. Президент Қазақстан импортқа тәуелділіктен арылу үшін отандық өнім өндірісін дамыту қажеттігін үнемі айтып келеді. Бұл жұмысқа теріскей шаруалары зор үлес қоса алады. Себебі елімізде өсетін бидайдың 25 проценті аталған аймақтың үлесінде. Жыл сайын 4,5 миллион гектар жерге егін егеді. Түгін тартса майы шығатын солтүстіктің құнарлы жерінде қазір қарбалас. Диқандар білек сыбанып егісте жүр. Науқанның қызған шағында шаруаларға береке тілеп, алқапқа Мемлекет басшысы келді.

Олжас Шәймерденов, шаруа:

- Қазір мынау 260 гектар алқапта бидай өнімін егеміз. Әр гектарынан 20-25 центнерден аламыз ба деп үміттеніп отырмыз.

Биыл солтүстікте қарақұмық алқабы 3 есеге, ал картоп, сәбіз және қырыққабат егетін аумақтар 2 есеге ұлғайтылды. Мемлекет басшысы шаруалармен егістік басында ғана емес, қожалықта да кездесті. Заманауи сүт фермасына барды. Жалпы облыста осы күні 100 сүт фермасы бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз мұндай өндірістік жобаларға міндетті түрде қолдау көрсетеміз. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы жеңілдікпен несие беру өз тиімділігін көрсетті. Бүкіл ел бойынша өз-өзімізді сүт өнімдерімен қамтамасыз ететін деңгейге жетуіміз керек.

Ресеймен шекаралас жатқан облысқа сапарында Президент еуразиялық эколномикалық одақтың басым бағыттары жайлы пікір білдірді. Аймақтың бұл ретте стратегиялық маңызы зор.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жуырда Мәскеуде ЕАЭО Жоғары Кеңесінің отырысы өтті. Жиында, ең алдымен, өзара экономикалық іс-әрекет, интеграция, ынтымақтастық мәселелерімен айналысу қажеттігі туралы айттық. Сауда-саттық кедергісіз жүргізілуі керек.

Осы жерде мемлекет басшысы Беларусь президенті Александр Лукашенконың сөзіне қатысты да пікірін білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға Еуразиялық экономикалық интеграциядан өзге одақтастықтың қажеті жоқтығын қадап айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жақында Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко Қазақстанға одақтас мемлекетке кіруді ұсынды. Мен оның әзіліне лайықты баға бердім. Менің ойымша, бұған ешбір қажеттілік жоқ. Өйткені басқа интеграциялық бірлестіктер, соның ішінде, ең алдымен, Еуразиялық экономикалық одақ бар. Ядролық қаруға келетін болсақ, бізге бұл қару қажет емес. Себебі біз Ядролық қаруды таратпау туралы шарт пен Ядролық қаруды сынауға тыйым салу туралы шартқа қосылдық. Осы халықаралық құжаттар аясындағы міндеттемелерге адал болып қала береміз. Еуразиядағы ынтымақтастық экономикалық бағыт бойынша дамуға тиіс, оған біз бәріміз мүдделіміз.

Сапарын жалғастырған Президент аймақтағы қағаз өндіретін жалғыз фабрикаға барды. Кеңсе қажеттіліктерінің 5 мың тоннасы осында шығарылады. Компания басшылығы енді жылына 10 мың тонна картон өндіретін жаңа кәсіпорын салуды жоспарлап отыр. Инвестиция көлемі 7 миллиард теңге. 100 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Президент солтүстікте зиялы қауым өкілдерімен де кездесті. Облыс орталығында жаңадан бой көтерген Сәбит Мұқанов атындағы Қазақ сазды-драма театрына барды. «Мағжан» пьесасынан үзінді тамашалаған Мемлекет басшысы Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығын жоғары деңгейде атап өту туралы тапсырма берді. Сондай-ақ аймақ жұртшылығын бірлікке шақырды. Себебі соңғы кезде өңірде жеке топтардың тұрақтылыққа жат қылықтары қылаң беріп жүргені жасырын емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бірлігіміз – әралуандықта. Бұл – біздің ең басты ұранымыз әрі ұстанымымыз. Қазақ болсын, басқа ұлт болсын – бәріміз бір халықпыз. Алға қадам басу үшін ауызбіршілігімізді, достығымыз бен тұрақтылығымызды көздің қарашығындай сақтауымыз керек.

Осылай деген Президенттің сөзінің төркіні – қазіргі геосаяси жағдайда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығармасақ болмайды, ауызбіршілік ауадай керек дегенге саятыны көзі ашық қоғам үшін түсінікті еді.  

Дамир Берікұлы, Марат Диханбаев, ПТРК көмегімен «7 күн»