Жарты жылда мемлекеттік бюджетке 9,2 трлн теңге түсті
Жоспар осылай артығымен орындалыпты.
Ал республикалық бюджеттің игерілуі 94% құрады. 343 млрд теңге қаражат атқарылмаған. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі мәлімдеді. Айтуынша республикалық бюджет шығыстарының да 62 млрд теңгесі үнемделген және игерілмегені анықталған. Мұндай кемшіліктерге жол берген Төтенше жағдайлар, Экология және табиғи ресурстар, Мәдениет және спорт, сондай-ақ Сыртқы iстер министрліктері. Оған конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, атқарылған жұмыс актілерінің уақытылы өткізілмеуі, белгіленген айда қаражатты жұмсау қажеттілігінің болмауы себеп.
Айта кетейік, биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша, елдегі экономиканың өсу қарқыны 5% құраған. Жыл басынан бері сыртқы сауда тауар айналымы 8% өсіп, 55,8 млрд долларға жеткен. Негізгі капиталға салынған инвестициялар да 14% жуық өскен.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Жалпы біз осы жылдың соңына дейін экономиканың ең кемі 5% өсуін қамтамасыз етуіміз қажет. Экономиканың орнықты өсуі халықтың тұрмыс сапасын одан әрі жақсартуға оң ықпал етеді. Сондықтан біз күрделі геосаяси жағдайларға байланысты түрлі факторлар мен даму сценарийлеріне дайын болуымыз керек. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары экономиканы әртараптандыру және тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша жұмысты күшейтуі қажет.