Қазақстан Ауғанстанға экспорт көлемін арттырды
Сарапшылар Қазақстанның Ауғанстанға азық-түлік, мұнай-химия, металлургия, жеңіл машина салалары бойынша 500 млн доллардан аса экспорт жасау әлеуеті барын болжап отыр. Биыл елге тіпті қара алтынды экспорттай бастадық.
Ауған елінің солтүстігін жуырда ғана шегірткелер әбігерге салған еді. Миллион тоннадан астам бидайға қауіп төнді. Үшінші жыл қатарынан құрғақшылықпен бетпе-бет келген елге бұл тіптен қиынға соқты. Абырой болғанда, астықтың қоры қалыпты. Оны Қазақстан импорты арқылы реттеп отыр. Сауда және интеграция министрлігінің дерегінше, Қазақстан жыл сайын әлемге 8 млн тонна ұн экспорттаса, соның 70% Ауғанстан сатып алады.
Былтыр ауған еліне ұн экспортының көлемі 52% өсіп, 1,3 млн тоннаға жетті. Қазақстаннан жіберілетін бидай көлемі де артты. 2021 жылға қарағанда, былтыр 115 мың тоннаға көп жөнелтілген. Күнбағыс майының экспорты аз емес. Өткен жылғы көрсеткіш 6,2 есе көбейген.
Нұрлан Құлбатыров, «QazТrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ бас директорының бірінші орынбасары:
-Біздің сауданың да гуманитарлық сипаты бар. Яғни 40 миллионға жуық халқы бар Ауғанстан үшін ол өте маңызды. Тек қана азық-түлік өнімдері емес, мысалы, жеткізетін экспорттық тауарлардың әлеуетіне тоқталатын болсақ, ол тыңайтқыш, дәрі-дәрмек, сонымен қатар металл прокаты дейміз ғой, сол бар.
Қазақстанның Ауғанстанға 500 млн доллардан астам соммаға экспорт жасайтын әлеуеті бар. Ауған елінің де елімізге берері көп. Шафраннан бастап, жеміс-жидек, көкөніс, жаңғақ, кілемге дейін экспорттайды. Әрі транзиттің маңызы да айрықша. Себебі Ауғанстан арқылы еліміз Пәкістан, Үндістан нарықтарына шығуға мүмкіндік алды.
Нұриддин Азизи, Ауғанстанның өнеркәсіп және сауда министрі:
-Қазақстанның шетелден алатын тауарлары ішінде ауғанстандық өнімдердің үлесі аз. Соны арттыруға мүдделіміз. Жалпы бізде бағалы тастар көп. Зергерлік бұйымдарды көрмеде ұсынуға дайынбыз.
Жалпы екі елдің арасындағы тауар айналымы жылма жыл артып келеді. Көрсеткішті 3 млрд долларға жеткізу жоспарда бар.
Авторлары: Дана Әлиева, Мұхамбетәли Тілдабаев