Үкімет басшысы бірқатар кәсіпкерлермен кездесті
Отандық кәсіпорындар ішкі нарықты 46 млрд долларға өңдеу өнеркәсібі өнімдерімен қамтуға қауқарлы. Бұған қоса мұнай-газ, машина жасау өнімдері мен құрылыс материалдарына сұраныс жоғары. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов бірқатар кәсіпкермен кездесуінде отандық бизнесті дамытудағы салықтық жеңілдіктер мен субсидиялар жайын талқылады.
Премьер-Министр Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарының орта бизнесті дамыту әлеуеті өте жоғары екенін атап өтті. Жалпы соңғы үш жылда аталған өңірлердегі 17 мыңнан астам жобаны мемлекет қолдаған. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 36,5% жетіп, жұмыспен қамтылғандар 18% көбейген. Үкімет басшысы қазір бизнеске қойылатын артық реттеу талаптары қысқартылып, мемлекеттік бақылау автоматтандырылатынын айтты. Жиында сондай-ақ Алакөл мен Балқаш көлінің демалыс аймақтарын дамыту мәселесі жан-жақты талқыланды.
Юрий Огай, кәсіпкер:
- Демалыс аймақтарына қатысты бірқатар проблемалар бар. Оны шешуге жалғыз кәсіпкердің қауқары жетпейді, бұл жерде Үкімет аралсуы керек. Мәселен, жағажайдан 35-100 метр жерге дейін құрылыс нысанын салуға тиым салынған. Ал туристер қызмет түрін алу үшін жағадан алысқа баруға мәжбүр. Егер рұқсат берсе, біз суға жақынырақ жерде мейрамхана, дәмхана, балалар ойнайтын алаң бәрін салар едік.