Биыл республикалық бюджетке 10,5 трлн теңге кіріс кірді
Шығыстар сомасы болса 18 трлн теңге. Оның бүгінге дейін 99,4% игеріліпті. Іске жаратылмаған қаржы – 91 млрд теңге. Үкімет басшысы оны жыл соңына дейін игеруді тапсырды.
Ал игерілмеген қаражаттың ең көбі – Ішкі істер, Мәдениет және ақпарат, Су ресурстары және ирригация, Экология және табиғи ресурстар министрліктерінде тіркеліп отыр. Оған конкурстық рәсімдердің ұзаққа созылуы, бағдарламаларды іске асыру жөніндегі құқықтық құжаттардың уақтылы қабылданбауы, атқарылған жұмыс актілерінің өз уақытында ұсынылмауы және кейбір министрліктердің қайта құрылуы сеп болған.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Мемлекеттік органдар мен өңірлер инвестиция тарту бойынша жұмыс жүргізіп, жоспарланған жобалардың іске асырылуын қамтамасыз етуі қажет. Жыл соңына дейін 1,5 ай қалды. Экономиканың өсу траекториясын сақтай отырып, барлық нысаналы көрсеткіштерді қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері осы жылға бөлінген қаражатты уақытылы және тиімді игеруді қамтамасыз етуі қажет.