11 айда еліміздің ішкі жалпы өнімі 5% жуық өсім берді
Бұл турасында Үкімет отырысында мәлім болды.
Сондай-ақ қаңтардан бері инфляция да айтарлықтай бәсеңдеген. Жыл басынан бері экономиканың қай саласында болсын өсім бар. Бірақ тұрмыс жақсарып кетті ме деген қарапайым сұрақ туындайды. 11 айда тұрмыс түзелді ме деген сұраққа жауап бар ма?
Пандемия бар, жаһандық экономикалық дағдарыс және геосаяси шиеленістердің салдарынан күйзелгеніміз анық, бірақ 11 айдағы көрсеткіштермен аузымыз аққа, қолымыз жылы суға тиеді деп ешкім бөрікті аспанға атайын деп жатқан жоқ. Анығында экономика дағдарыстан кейінгі дамудың даңғылына түсіп жатыр және нәтижелерді еселеу керек деген стратегиялық міндеттер бар. Бәлки сол межеге жеткен кезде бақуатты елге айналып жатырмыз деп айтуға болатын шығар.
Ал әзірге ауыз толтырып айтатын көрсеткіштердің ең негізгілеріне қысқаша тоқтала кетсек.
Қаңтар-қараша айларында экономиканың жалпы өсімі 4,9% құрады. Оның ішінде нақты сектор 3,5, қызмет көрсету саласы 5,6% өсті. Өңдеу өнеркәсібі яғни дайын өнімдер шығаратын сала 3,4% өсіп отыр. Оның ішінде машина жасау саласы 27% өсім беріп отыр.
Осы саланың даму шежіресін тарқатсақ, машина жасау саласының ішінде автомобиль өндірісі 41%, электр жабдықтарын өндіру 32% артқан. Сауда-саттыққа келсек. Жалпы тауар айналым 114 млрд долларды құрады. Оның ішінде 65 млрд доллардың өнімі - Қазақстанның экспорты. Ол 65 млрд-тың ішінде 21 млрд долларға өңделген, дайын өнімдерді сатқан екенбіз. Ал шет мемлекеттерден 46 млрд доллардың тауарларын сатып алыппыз.
Айта кету керек, өнеркәсіп саласындағы басым бағыт – өңдеу өнеркәсібінің өрісін кеңейту. Былтыр бұл сала 26 млрд доллардың өнімін беріп, салаға 1,5 трлн тг инвестиция тартылды. Нәтижесінде осы саладан қазынаға келетін кіріс 5 есеге артты. Бұл бизнес қауымдастықтың ел экономикасын алға сүйрейтін күшке айналып келе жатқандығының көрінісі деп пайымдауға болады.
Сарапшылар сондай-ақ отандық бизнестің дамуына Президенттің ерекше назар аударуына бірнеше себептің бірі ретінде келесі мысалды атады.
Бауыржан Ысқақ, экономист:
- Қазірдің өзінде 4 млн 100 мың адам ШОБ жұмыс жасайтын болса, және де экономикадағы ШОБ үлесі 36% жетіп отыр. Біз осындай көрсеткіштерді дамытуды қолға алуымыз керек. Яғни экономиканың тұрақты өсуі инвестицияларға тікелей байланысты. Өзіміздегі отандық тауар өндірушілердің санын көбейтетін болсақ, онда мемлекеттің бюджетіне түсетін ауыртпашылықтың көлемі азая береді.
Бюджет демекші биыл жыл басынан бері ол 98,6% орындалып, 18 трлн теңгеден асып отыр. Оның ішінде республикалық бюджет 12,6 трлн тг және жергілікті бюджет түсімдері 5,7 трлн теңгені құрады. Соңғысының орындалуы 110% жуық.
Бауыржан Ысқақ, экономист:
– Бұл қаражаттардың басым бөлігі зейнеткерлердің, жәрдемақылардың, мемлекеттік қызметкерлердің деген сияқты бюджеттен қаржыландырылатын барлық салаларға тікелей әсерін тигізеді. Бұның өзі - 4 пайыздық экономикалық өсім кезінде болып отырған жағдай.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Жыл соңына дейін 2 апта қалды. Экономика өсімінің оң серпінін сақтау, бөлінген қаражатты толық игеру және барлық нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерімізді салуымыз қажет. Келесі жылы экономиканың сапалы өсуін қамтамасыз ету жұмысын жалғастыру керек. Тұрақты экономикалық өсуді кемінде 6% деңгейінде қамтамасыз ету – Үкіметтің орта мерзімді кезеңге арналған басты міндеті.
Яғни аңдасақ, 5% жуық өсіммен дағдарыстың тұманы сейіле бастаса, 6 пайыздық өсімді тұрақты ұстап тұра алатын болсақ жағдайдың басқаша болатынын бағамдау қиын емес. Айтпақшы тұрақты экономикалық даму шарттарының бірі тиімді инвестициялық саясат екеніне тоқталды үкіметтегілер. Бұл Президент қойып отырған тапсырма.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін екі еселеп, 450 млрд долларға жеткізу қажеттігін жуырдағы Жолдауымда айттым. Бұл құрғақ қиял емес, егжей-тегжейлі есептеліп түзілген жоспар. Бұл міндетті орындау үшін елімізде жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз керек. Өткен аптада мен инвестиция тарту жұмыстарының тиімділігін арттыру жөніндегі жарлыққа қол қойдым. Инвестициялық штаб ендігіде еш кедергісіз жобаларды іске асыра алады. Штабқа заңдық күші бар уақытша нормативтік-құқықтық құжаттарды әзірлеу құқығы берілді.
Қорыта айтар болсақ, 11 айдың көрсеткіштеріне қарай отырып, қазіргі экономикалық саясат моделін тұрақты негізде жалғастыра алсақ, Президент айтқан 450 млрд долларға жеткізуге болады.