Шетелдік инвестиция: Қазақстан үздік ондыққа кірді
Халықаралық fDi Intelligence талдау орталығы 2024 жылы Қазақстан дамушы 50 елдің ішінен инвестициялық тартымды 10 мемлекеттің қатарына кіргенін мәлімдеді. Орталық сарапшылары рейтингтегі елдердің экономикалық болжамдары, Ішкі жалпы өнімінің өсуі және инфляция сияқты негізі көрсеткіштерін есепке алған. Соңғы жылдары елімізге қанша инвестиция тартылды және келешекте оны қай деңгейге жеткізуіміз керек?
Қазақстан инвестициялық тұрғыдан алғанда әлемдегі қалаулы мемлекеттер қатарында. Бұл қолайлы инвестициялық климат, либералды заңнама және саяси экономикалық тұрақтылық пен перспективалар сияқты негізгі факторлар есебінен бағаланады.
Дүнижүзілік банктің мәліметтеріне сүйене отырып, халықаралық fDi Intelligence талдау орталығы біздің елді ақша салуға болатын экономикалық сүйкімді елдердің ондығына кіргізіпті.
Берік Дүйсенбай, тілші:
- Биыл инвестициялық тұрғыда әлемдегі ең тартымды ондық мынадай. Көш басында – Камбоджа, ізінше Филиппин, үштікті Кения түйіндесе, 4 орында – Ирак. Бесінші тартымды мемлекет деп Намибия танылған екен. Алтыншы болып біздің Қазақстан тұр. Жетінші – Әзербайжан, сегізде – Марокко, тоғызыншы көрсеткіш Сербияға тиесілі болса, ондықты Үндістан түйіндейді.
Ал Қазақстанға инвестция салған елдерге келсек, соңғы жылдары Нидерланд корольдігі көштің алдын бермей келеді. 2022 жылы аталған мемлекет 8,3 млрд доллар инвестиция құйған. Сондай-ақ экономикамызға 5 млрд доллардан аса сомада қаражат салған АҚШ пен 3 млрд үстінде капитал әкелген Швейцария бар.
Қазақ еліне ең көп қаражат құйған елдердің ондығында Германия мен Ұлыбритания да бар. Сонымен 2017 жылдан бері қарай елімізге тартылған шетел капиталының көрсеткіштеріне тоқтала кетсек.
2017 жылы елімізге 21 млрд долларға жуық инвестиция тартылса, 2018 жылы ол 25 млрдқа жуықтады. 2019 осы көрсеткіш сәл өсті. Алайда 2020 жылы пандемия кезінде инвестиция тарту көлемі азайып, 17,2 млрд дейін төмендеді. 2021 қайта өсіп, 23,7 млрд жетсе, 2022 жылы 28 млрд долларды құрады. Өткен 2023 жылы 27 млрд доллар шамасында инвестиция тарту жоспарланған болатын. Бірақ өткен жылдың нәтижелері әлі есептеліп, нақтыланып жатыр. Сандар өсуі мүмкін.
Рауан Аташбеков, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бас сарапшысы:
- Ұлыбритания Қазақстандағы 10 ірі инвестордың қатарына кіретінін айттық жоғарыда. Тәуелсіздік алғалы Тұманды Альбионның экономикамызға 21 млрд АҚШ доллары шамасында қаражат құйылған. Екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың негізгі салалары – мұнай-газ, тау-кен өндірісі, қаржы, химия өнеркәсібі, машина жасау, металлургия және азаматтық авиация. Экологиялық таза энергия, жасыл технологиялар және білім салалары бойынша да тығыз байланыстар бар.
Афзал Амин, London Expertise LTD ЖӘНЕ Aremca LTD компанияларының бас директоры:
- Әріптестеріммен бірге соңғы 8 жыл көлемінде ауылдық жерлерді сумен қамтып, ал 5 жылдан бері тау-кен саласында жемісті еңбек етіп келеміз. Үлкен өзгерістерді көзімізбен көрдік. Бизнес жүргізуге қолайлы орта оң әсер етіп, Қазақстанда қалуымызға түрткі болды. Ұтымды инновациялық әдістерді енгізе отырып, әлеуметтік және экономикалық табысқа жету жолында жұмыла әрекет етуге ниеттіміз.
Неміс кәсіпкерлері де Қазақстанды инвестиция үшін тартымды ел ретінде таниды. Неміс бизнесі ел экономикасына шамамен 6 млрд доллар ақша салған. Германияның Федералдық инвестициялық саясаты 90% шикізаттық емес секторға бағытталған.
Сондай-ақ немістер елдегі ауыл шаруашылық, логистика және көлік салаларына үлкен қызығушылық танытып отыр. Германия үшін Қазақстанның баламалы энергетика және машина жасау салалары да қызықты.
Андреас Ян, Германияның Федералдық саясат және сыртқы сауда одағының басшысы:
- Біздің елдің кәсіпкерлері Қазақстан нарығына қызығушылық танытып отыр. Екі ел арасындағы саяси әрі экономикалық қарым-қатынасты дамытуда мүмкіндіктер зор. Оны пайдалана білу керек. Еліміздің инвесторлары Қазақстанмен жұмыс істеуге мүдделі. Мысалы, еліміздің одақ мүшелері жақын арада келіссөздер жүргізу үшін Қазақстанға баруды жоспарлап отыр. Бұл делегацияға шағын және орта бизнес өкілдері кіреді. Бізді ең қызықтыратыны – тау-кен секторы, жаңартылатын энергетика, машина жасау және ауыл шаруашылығы.
Инвестиция тартуда – алма піс, аузыма түс қағидасы жүрмейді. Шетелдіктер келіп, қаражатын құю үшін белгілі бір дәрежеде тәуекелге барады. Ал оны жеңілдетіп, алаңсыз ақша құюға жағдай жасау үшін инвестициялық климат қолайлы болуы шарт. Ол бірінші кезекте кез келген инвестор үшін ашық салықтық саясат.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Қолданыстағы ынталандыру шараларын сақтай отырып, жаңа Салық кодексі аясында салық төлеушілерге бағытталған әкімшілендірудің сервистік моделі енгізіледі. Нәтижесінде салықтық есептілік 30%, салық төлемдері 20% қысқарады.
Мұның сыртында осы бағытта қолға алынған нақты шаралардың біріне тоқталсақ:
Рауан Аташбеков, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бас сарапшысы:
- Мұның бәрі инвестиция тарту, ұлғайту көрсеткіштерін ұлғайтуға бағытталған.
Мамандар бұл жұмыстардың ауқымды әрі күрделі екендігін айтып отыр. Бірақ міндет бар. Мемлекет басшысы сырттан капитал тартудың межесін белгілеп қойған.
2029 жылға дейін еліміздің экономикасына 150 млрд доллардан астам инвестиция тартылуы тиіс.
Берік Дүйсенбай, Аманжол Байғазин