Биыл Шымкентте егістік алқап 500 га кеміді
Биыл Шымкентте егістік алқап 500 гектарға кеміді. Себебі шаруалардың салықтық берешегі көбейіп, есепшоттары бұғатталған. Салдарынан жеңілдетілген жанар-жағармай мен минералды тыңайтқышқа берілетін субсидиядан да қағылып отыр.
Мегаполис мәртебесін алғаннан кейін Шымкентте жер салығы гектарына 90 теңгеден 91 мың теңгеге бір-ақ көтеріліп, қордаланған қарыз млрд-таған сомаға жеткен. Қала әкімдігі салықты төмендетуге қатысты мәслихат депутаттарына ұсыныс жасады. Бірақ заңнама аясында тек 50%-ке дейін төмендетуге шешім қабылданған.
Ал шаруалар: «Бұл жеңілдік тірлікті тіктеуге көмектесе алмайды»,- деп отыр.
Манасбай Бекбауов, шаруа қожалығының төрағасы:
- Жаңартайық десек, дәрілерді де, не техниканы ала алмаймыз. Қазір техникаға да 30-35% субсидия беріп жатыр. Есепшот жабық болған соң, оған ешқандай әрекет ете алмаймыз. Жерден әңгіменің ашығын айтқанда, құтыла алмай отырмыз. Гос актіні де алмай отырмыз.
Жәнібек Тоғай, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы:
- Бірақ оның өзі бұл кісілерге ауыр. Сондықтан барлығын тоқтатып, Үкіметке хат жаздық. Қала әкіміне түсіндіріп айтылды. Енді биыл күзге дейін шешіп, біржақты етуіміз керек.