Мүлкі бүлінген азаматтарға қосымша ақша беріледі
Үкіметте су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету мәселесі тағы да қаралды. Премьер-министр Олжас Бектенов күні кеше тағы бір жаңа қаулығы қол қойғанын мәлімдеді. Оған сәйкес су басып, үй-жайы бүлінген азаматтарға қосымша ақшалай көмек беріледі.
Мыңдап үй салу әлбетте оңай шаруа емес. Қанша салынатыны да әлі нақтыланып жатыр. Себебі су біржола кетіп болған жоқ. Қанша үйдің әлі суда тұрғанын бағамдау үшін сандарға қарайық.
Ақпаратқа сәйкес қазір 5 мыңнан астам тұрғын үй суда тұр. Су басқан саяжай саны 16 мыңнан асса, аулалар саны бір мыңның үстінде. Сондай-ақ 91 ғимаратты су алған.
Үй орнына үй салып береді, немесе екінші нарықтан дайын пәтер алып береді. Таңдауды тұрғындардың өздері жасайды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі баяндағандай әкімдіктермен жаңа құрылысқа жер учаскелерін таңдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ақтөбе облысында құрылыс жұмыстары басталған, ал Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстарында дайын жаңа баспана кілттері табысталуда. Бұған дейін мәлім болғандай бір үйдің бағасы 22 млн теңге деп белгіленген. Әлеуметтік желіде сол ақшаны өзімізге берсе қалай болар екен деген де пікірлер айтылып жүрді. Үкіметтің ұстанымын естідік.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Мемлекет қолға ешқандай қаражат, ешкімге бермейді. Әр адам әртүрлі. Жауапкершілігі бар адамдар бар. Жауапкершілігі жоқ адамдар бар. Қазіргі таңда үй салынуы үшін, қайта тұрғызылуы үшін қолына қаражат берсе, егер осы кісі осы қаражатты басқа мақсатқа жұмсаса, одан кейін қыста осы кісімен не істейміз? Тағы ақша береміз бе, немесе тағы қайтіп үй тұрғызамыз ба? Сонымен мемлекеттің шешімі осындай.
Үй өз алдына, қаншама саяжайлар суға кетті. Бұл мәселеге қатысты да Үкіметтен жауап алдық. Себебі саяжайларда мыңдаған адам тұрып жатыр. Егер отбасының сол саяжайдан басқа баспанасы болмаса, оларға да таңдауына қарай не үй салып береді немесе пәтер алып береді.
Тағы бір мәселе бар. Бүлінген қора жайлар өтеуге жата ма? Өнеркәсіп және құрылыс министрі негізгі міндет зардап шеккен тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету екенін атап өтті. Және Үкімет жағдайды ескере отырып, шығындарды өтеу тәртібіне түзетулер енгізді. Оған сәйкес, бұған дейін 11 мыңнан астам адамға берілген және берілетін 100 АЕК көмектен бөлек тағы ақшалай өтемақы беріледі. Сомасын Премьер-министрдің өзі айтсын.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Қазіргі уақытта 11 мыңға жуық отбасы 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем алды. Бұл – үлкен жұмыстың басы ғана. Оған қосымша тағы 150 айлық есептік көрсеткішке дейін төлейтін боламыз. Оған адамдар тоңазытқыш, үстел, орындықтар, ыдыс-аяқ, киім-кешек сияқты жоғалған бірінші кезектегі қажетті заттарды сатып ала алады. Сондай-ақ кәсіпкерлердің шығындары өтеледі. Азаматтарға айтатыным, сабырлық сақтаныңыздар. Біз осы сынақтан абыроймен өтеміз деп білемін.
Халық қиыншылық келгенде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұдырықтай жұмыла білді. Бұл – абырой. Ендігіде құзырлы орындар үлкен міндетті абыроймен атқарып шықса деген тілек бар.
Олжас Бектенов Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне тұрғын үйлерді, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша жергілікті жерлердегі барлық жұмыстарды үйлестіру үшін жедел топ құруды тапсырды.
Бүгінгі ақпаратқа сәйкес, қазір 5 мыңнан астам тұрғын үй суда тұр. Су басқан саяжай саны 16 мыңнан асса, аулалар саны бір мыңның үстінде. Сондай-ақ 91 ғимаратты су алған.