Қазақстан-Қытай: сауда-саттық көлемі $40 млрд құрады
Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттық көлемі 40 млрд долларды құрады. Енді оны 100 млрд долларға жеткізу міндеті тұр. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқаны. Бүгін Мәжілісте Президенттің тапсырмасын орындауға мүмкіндік беретін үш бірдей келісім ратификацияланды. Аталған құжаттар автомобиль, теміржол және су көлігі арқылы жасалатын алыс-берісті жақсартуға мүмкіндік береді. Ал одан кім не ұтады?
Қытай – Қазақстанның іргедегі ең ірі сауда серіктесі. Әрі кәсіпкерлеріміз үшін үлкен нарық. Көрші болған соң арада ешқандай мәселе болмауы тиіс. Түрлі кедергілерге де жол жоқ. Сол үшін екі ел алыс-беріс пен барыс-келісті арттыру үшін барын салып жатыр.
Бүгін Мәжілісте мақұлданған келісімдер Қазақстан мен Қытай арасындағы кедергілерді жоюды көздейді. Бұдан былай арғы жақтан қытайлар, бергі жақтан біз автокөлікпен жүкті тиісті жеріне дейін жеткізгенде қиындық тумауы керек.
Талғат Есенгелді, «Kazlogistics» ҚКО атқарушы директоры:
-Қазіргі таңдағы келісім бойынша екі елдің тасымалдаушылары өз жүктерін тек қана шекаралас ауданда орналасқан терминалға дейін тасымалдаса, қазіргі жаңа келісім бойынша олар нақты тұтынушыға дейін жеткізуге ықпал етеді. Өз жүктерін А нүктесінен Б нүктесіне тікелей жеткізгендіктен біріншіден олардың пайдасы артады деп ойлаймын.
«Енді жүк тасымалының ақысы бұрынғыдай екі көлік пен екі жүргізушіге емес, тек бір тасымалдаушыға төленеді. Бұл алыс-берісті одан әрі жылдамдатады»,— дейді, мамандар. М әселен, 2022 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы 760 мың тонна болса, 2023 жылы импорт пен экспорт көлемі 1 млн 800 мың тоннаға жеткен. Өсім 2,5 есе. Ал жаңа келісімнің арқасында 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш 4 млн тоннаға дейін жетеді деген болжам бар.
Ел аумағынан өтетін транзит жүктерден де едәуір пайда тауып отырмыз. Оның көрсеткіші де соңғы жылдары 2 есеге өскен. Ендігі меже Қазақстан арқылы өтетін түрлі тауардың көлемін 5 млн тоннаға жеткізу. Көлік министрі «Ол үшін Батыс Еуропа-Батыс Қытай тас жолының кем-кетігі бүтінделеді»,— дейді.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
-Ол жақта бізде қазір Қызылордаға дейін 4 жолақты жол. Биыл біз Қызылордадан әрі қарай Ақтөбе облысына қарай 4 жолақты жолдың құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Порт бойынша біз жаңа баяндама жасадық. Ол жақта біріншіден тереңдету жұмыстарын жасап жатырмыз. Тереңдету ол не береді? Қазір біздің кемелер 30% төмен жүктеліп отыр. Өйткені Ақтау мен Құрықтың тереңдігі 5,5 метр болып жатыр. Тереңдету жұмысының нәтижесінде 6,5 метр болады және біз көбірек жүк ала аламыз.
Мұның сыртында Қытайға қарай Алматыны айналып өтетін теміржол салынады. Қағазбастылықтан арылу әрі уақыт ұту үшін келісім аясында жүк құжаттары енді цифрлық форматқа көшірілуі мүмкін. Сол арқылы тауарды қашықтан бақылауға мүмкіндік туады. Мәселен, қазір қазақстандық кәсіпкерлер жүгі тиелген вагонның Қытайдың қай жерінде келе жатқанын біле алмайды. Енді келісімнің арқасында көршіміз бізге мұндай мәліметтерді беруге міндеттеледі. Ал мұның бәрі арадағы сауда-саттықты жеңілдете түспек.
Қытаймен арадағы автокөлік жүк тасымалы мен транзитке қатысты үш бірдей келісімді бүгін Мәжіліс депутаттары мақұлдап, Сенатқа жолдады. Сенаторлар құптаса, Президент қол қойып, құжаттар заңды күшіне енеді.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Аманжол Байғазин